Басты бетЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Таразда фотопоэзия көрмесі өтті

Бүгін, 28 қазанда, Тараз қаласындағы «Жастар» аллеясының «Білім» алаңында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жамбыл облыстық «Арай» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабайдың «Мөп-мөлдің көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» атты фотопоэзия көрмесі өтті.

Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен фотопоэзия көрмесін жас ақын Нұржан Қадырәлі жүргізіп, ашылу салтанатында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова сөз сөйлеп, автордың шығармашылығына табыс тілеп, «Өнерің өрге жүзе берсін, әдемі суреттеріңмен біздің облысымызды жарқыратып көрсетіп жүре бер» деген ізгі тілегін жеткізді.

Бұл күні Қайырбек Асанов, Болат Бекжанов, Бекет Момынқұл, Көсемәлі Сәттібайұлы сынды белгілі азаматтар қатысқан көрмеге келгендердің қарасы қалың болды. Келушілердің назарына автордың төл туындылары ұсынылып, көрме көркі поэзиямен үндесе отырып, музыкалық бағдарламамен ашыла түсті. Кеш жүргізушісі өлең оқып, «Ақкербез» бишілер тобы картиналардың пердесін ашып, көпшілік назарына ұсынды. Жалпы, бұл көрменің ерекшелігі сурет пен поэзияның үйлесімділігінде болды. Қазақтың сұлу қыздарымен қатар, ақындар бейнесі, табиғат сияқты көркем көріністерді көрермен назарына ұсынған автор оны Жақсылық Сәтібеков, Арғынбай Бекбосын, Тынышбай Рақым, Күләш Ахметова, Серік Томанов, Маралтай Райымбекұлы сияқты ақындардың өлеңдерімен қатар ұсыну арқылы ерекшеленді. Алтынбек Қартабай Жамбыл облысының 80 жылдығына орай 80 сурет дайындаған екен. Оның ішінде өңір тарихынан сыр шертетін туындылар да болды. «Туған жердің, қоршаған ортаның керемет сұлулығын көрмеу мүмкін емес. Мен бұл көрмеде өзімнің фототуындыларыммен қос өнерді біріктіріп, ақындар шығармашылығын да осы кешке арқау етуді мақсат еттім», дейді Алтынбек Қартабай. Бұл күні тараздықтар түрлі тақырыптағы картиналарды тамашалап, өз әсерлерімен бөлісті.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close