Басты бетМәдениетҚоғам

Таразға қызығушылардың қатары арта береді

Туризм саласы бойынша биыл Үкіметтің Қаулысымен «Қазақстан Республикасы туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Облысымыздың басты туристік нысандары – «Ақыртас» сарай кешені, «Айша бибі» және «Қарахан» кесенелері осы мемлекеттік бағдарламада қөрсетілген Қазақстанның өңірлік деңгейдегі туристендіру картасына енгізілді.Бүгінгі таңда облысымыздағы туристер легінің өсу динамикасы байқалуда. Туризм басқармасы және Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері арасындағы келісімге сәйкес туризм саласындағы 3 индикатор бойынша 2019 жылдың I жартыжылдығында ішкі туризм бойынша қызмет көрсетілген келушілердің саны (резиденттер) 66 973 адамды құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 125,4 пайызға артты. Кіру туризмі бойынша қызмет көрсетілген келушілер саны 2 113 адамды құрап, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 116 пайызға өсті. 

Өңірлік туризмді дамыту картасына сәйкес туристік бизнес объектілері мен субъектілеріне кешенді түгендеу жұмыстары жүргізілді. Облыста 181 қонақ үй, 282 тамақтану орны, 5 санаторий, 5 демалыс орны, 11 балалар сауықтыру лагері, 44 туристік фирма, 56 қолөнерші мен 25 көлік субъектісі жұмыс атқаруда. Облыстың туризм индустриясын дамыту үшін қызмет атқарып жатқан кәсіпкерлерді қолдау бойынша 2018-2019 жылдары «Бизнестің жол картасы–2020» және «Береке» бағдарламалары аясында құны 1 миллиард 357,4 миллион теңге болатын 81 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша 834,6 миллион теңге бөлініп, 23 жоба субсидияланды.
Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған жол картасына сәйкес, ағымдағы жылы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында «Тараз жеріне тағзым» атты жас турист фестивалі өткізілді. Фестиваль туристік-өлкетану бағытын жандандыру арқылы азаматтардың салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген «Ақыртас» сарай кешенінде «Тараз – өткен мен болашақтың түйіскен қаласы» атты жастар форумы өткізілді. Бұл форум Жастар жылы аясындағы өзекті мәселелерді қамтыды. Оған Жамбыл, Алматы және Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларынан 742 адам қатысты.
Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап ортағасырлық «Төрткүл» керуен сарайында «Көне Тараз шеберлері» жобасы іске қосылды. Бұл жоба облыс тұрғындары мен туристер үшін ашық аспан астындағы туристік этно-мәдени демалыс орнына айналып отыр. Керуен-сарай аумағы «Ұлттық ойын-сауық», «Ұлттық тағамдар», «Қазақ музыкалық театр өнері» және «Қолөнершілер» деп аталатын 4 негізгі аймаққа бөлініп, әр аймақта атына сәйкес жұмыстар атқарылды. Бұл жерде қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалаумен қатар әртүрлі бұйымдарды жасап көруге және шеберлердің бұйымдарын сатып алуға мүмкіндіктер қарастырылған. «Төрткүл» керуен сарайында өткізілген іс-шараны халықаралық және қазақстандық сарапшылар, туристік ассоциациялар мен туристік және қонақ үй бизнесі өкілдері, сонымен қатар Германия, Италия, Жаңа Зеландия, Жапония, Болгария, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей мемлекеттерінен келген шетелдік туристер, жалпы саны 5 565 адам тамашалады.
Жамбыл облысы – қызғалдақтың отаны. Бұл ретте «Берікқара» шатқалында «Қызғалдақ – Жамбыл облысының табиғи мұрасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Конференция барысында экологиялық туризмді дамыту жолдары мен мүмкіндіктері талқыланып, 6 маңызды меморандумға қол қойылды.

Жастар жылы аясында «Taraz gid» жастар слеті өтті. Оған облыс колледждерінің студенттері, еліміздің әр аумақтарынан келген экскурсоводтар, шетел саяхатшылары мен блогерлер қатысты. Жиында ел және шетел саяхатшылары өз ойларымен бөлісіп, туризмді дамыту тұрғысындағы ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар шара соңында ортағасырлық Төрткүл керуен сарайына барып, қазақ халқының дәстүрі мен ұлттық тағам, ұлттық спорт сынды құндылықтарымен танысты. Іс-шараға қатысушылар екі күнді табиғат аясында өткізді. Жуалы ауданында орналасқан Берікқара шатқалына аттанған студенттер алдымен таулы жердегі қауіпсіздік техникасын меңгерді. Одан соң тауға өрмелеудің практикалық жаттығуларына кірісті. Қатысушылар шөпті шатқалдармен жүру техникасын да меңгеріп, таулы жерді бағдарлаудан да сабақтар алды.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында Жамбыл облысында 5 тілдегі аудио және бейне гидтері бар «Taraz Tour» мобильді қосымшасы іске қосылды. Алдағы уақытта да ауқымды жұмыстар атқарыла бермек.

Қарлығаш АРАЛБЕКОВА, облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close