Басты бетЖаңалықтарМәдениет

Патриоттық ән байқауы өтті

Жуырда Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Туған жердей жер болмас, Туған елдей ел болмас» атты аудандық ән байқауы өтті. №16 Жуалы колледжінде өткен байқауға аудандағы барлық төрт этномәдени бірлестік қатысты.

Бұл шараның мақсаты- Отанның бір бөлшегі, махаббат, құрмет, береке, сүйіспеншілік, тәрбие мен өнегенің бастауы екендігін ұғындыру және өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу, азаматтық сана-сезімін қалыптастыру. Егеменді еліміздің қол жеткізген толымды табыстарын, жеткен жетістіктерін, шыққан биіктерін, қарышты қадамын, заңғар заманын паш ету, тарих тағылымдарын кеңінен насихаттау және өскелең ұрпақты Отанын, елін, жерін сүюге тәрбиелеу.
Мерекелік ән байқауын ашқан «Жастар ресурстық орталығының» төрт этномәдени бірлестіктерінің жұмысын үйлестіруші маманы Судаба Металимова сайысқа қатысушыларды байқау Ережесімен таныстырып, сәттілік тіледі. Байқаудың әділ қазы алқасы сайланып, таныстырылды.
Байқауға дейін Рызай Әділет сахна төріне шығып,«Мен қазақтың ұлымын» әнді орындады.
Байқау екі кезеңнен өтті. Шарт бойынша алғашында қатысушылар патриоттық тақырыпта бір ән орындаса, екінші кезең бойынша орындаған екінші әні еркін тақырыпта болу керек.
Ән сайысына №1 мектеп-гимназия, №29 орта мектеп, М.Ломоносов атындағы, Қ.Сағындықов атындағы, №16 Жуалы колледжі, А.Байтұрсынов атындағы, А.Пушкин атындағы және Ақтөбе тірек мектебінің оқушылары, барлығы 12 қыз қатысып, өнерлерін көрсетті.
Орындаушылар байқаудың бірінші кезеңінде туған жерге, қазақ еліне, еліміздің Көк туына, Қазақстанға патриоттық «Туған жер», «Астана», «Қазақ елі», «Атамекен», «Көк ту», «Менің қазағым», «Алға, Қазақстан!», «В небе беркут» әндерін арнаса, екінші кезеңде достық, бейбітшілік, келісім мен бірлікке, анаға, жерге, тіліне деген сүйіспеншіліктерін «Крылатые качели», «Прекрасное далеко», «Әке-ана», «Асыл ана», «Яблоко любви», «Қайда?», «Мама», «Край родной», «Жаса, Қазақстан!» әндерімен жеткізді.
Байқау соңында қазылар алқасы атынан қорытынды жасап, жеңімпаздарды анықтау үшін сахнаға шыққан Алмас Жолдасов орындаушылардың орындаушылық шеберліктеріне, әннің тақырыпқа сәйкестігі және олардың киген киімдері мен сахнада өздерін ұстау мәдениеті туралы айтып, баға берді.
Жеңімпаздардың аты аталып, олар сахна төріне шақырылды. Қызыларық ауылдық округінің Ақтөбе тірек мектебінің оқушысы Галина Касикова бірінші орынды иеленсе, №1 мектеп-гимназияның оқушысы Зиеда Евлоева екінші орынды жеңіп алды. Ал үшінші орын Күреңбел орта мектебінің оқушысы Диана Амангелдіге бұйырды. Жеңімпаздарға арнайы Дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Сондай-ақ, Пушкин атындағы орта мектептің оқушысы Екатерина Емелина шеберлікпен орындаған «Көк ту» және «Қайда?» екі әндерімен «Ең үздік ән» номинациясы жеңімпазы атанса, ал №16 Жуалы колледжінің білімгері Виктория Кашура «Астана» және «Сильные люди» әндерімен «Ең үздік орындаушы» номинациясы бойынша жеңімпаз болып танылды. Қалған орындаушылар: Нұрлыкенттен келген Наталья Колтакова және Карина Доценко, Шақпақата ауылынан Арзу Аббасова және Милана Саядова, Көлбастаудан Фердоуси Мамедов, Тасбастаудан Мария Позднякова, Қарасаздан келген Алина Астанина Жастар ресурстық орталығының Алғысхаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Гүлмира Дембаева.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close