Басты бетЖаңалықтарРуханиятӘдебиет

Қошқарата ауылында Абайдың 175 жылдығына арналған кеш өтті

Жуырда Жуалы ауданы Қошқарата ауылында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аталып өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі. Абай атындағы №9 орта мектептің директоры Жанар Өтегенованың бастамасымен және мектеп ұжымының атсалысуымен өткен жиын ұлы ақынның өнегелі өмірін, даналығы мен рухани асыл мұраларын насихаттау мақсатында «Асыл сөздің алдаспаны» тақырыбында өтті.

Бұл күні мектеп фойесінде келушілердің назарын аударған кітап көрмесі қойылып, аулада киіз үйлер тігілді. Бұдан бөлек арнайы сахна құрылып, ақынның сөзі жазылған баннер ілінді. Мерейтойлық іс-шараны мектеп директоры Жанар Өтегенова ашып, Абай мұралары туралы айтып, шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Бұдан кейін Қошқарата ауылдық округінің әкімі Жәнібек Мырзалиев сөз сөйлеп, мектеп ұжымына табыс тілей отырып, мектепке Абай Құнанбайұлының суреті салынған кілемшені сыйға тартты. Сондай-ақ, аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Ұзақбай Құрманбаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетова сөз сөйлеп, жиынның маңыздылығына тоқталды.

Шара барысында, бұл күні, «Абай дана, Абай дара қазақта» атты қойылым көрсетіліп, бала Абайдың оқудан оралуы, жастық шағы, сол замандағы ауыл өмірінің көрінісі сахналанса, Абай ауылын бейнелеген киіз үйлердің маңында бозбала мен бойжеткендер алтыбақан теуіп, белдеуде бие байланып, күбіде қымыз пісіліп жатты. Сонымен қатар, ауылдың ат құлағында ойнайтын епті жігіттері теңге ілу, аударыспақ ұлттық ойындарын көрсетті. Ұлы ойшылдың 175 жылдығына арналған шара мектептің акт залында «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» тақырыбында өткен кешпен жалғасты. Кеш барысында мектеп оқушылары Абай өлеңдерін, ақынға арнаған өз өлеңдерін оқып, «Көңілім әнді ұғарсың…» бөлімінде Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін орындады.

Жиын соңында Абай атындағы №9 орта мектептің директоры Жанар Өтегенова оқу кабинетінен ұлы ақынға арналып музей жасақталып жатқанын қуанышпен жеткізді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close