Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Жуалы ауданының әкімі жастармен кездесті

Жуырда Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлерімен және бірқатар жастармен кездесті. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің өкімімен бекітілген жұмыс алгоритміне сәйкес өткен жиын аудандық тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырылып, бірқатар іс-шараларды қамтыды.

Алдымен жастар музейдің археология залындағы жәдігерлермен танысты. Жиналғандарға жалпы ауданның тарихы мен құрылу тарихы, жер-су атаулары, қасиетті Жуалы жерінен шыққан батырлар мен айтулы тұлғалар жөнінде музейдің ғылыми қызметкері, үздік өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев кеңінен айтып берді. Сондай-ақ, жиынның негізгі бөлімінде аудан әкімі сөз алып, басқосудың күн тәртібінде қаралатын мәселелердің маңыздылығын атап өтті. Келесі кезекте аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов аудандағы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы және ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстар хақында ауқымды баяндама жасап, алда тұрған мақсат-міндеттерді атап өтті.
Жұмыс алгоритмі аясында өткізілген жиын барысында аудан әкімі Нарбай Ергебеков сөз сөйлеп, жастардың қоғамдағы ролі, олардың кәсіпкерлік саласына бет бұруы маңызды екенін айтып, кәсіби жастардың «Профи-2019» облыстық байқауының І, ІІІ орын иегерлері Балжан Байсымақ және Мадина Қошмаханды, одан бөлек, бірқатар жастарды Алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар тапсырды. Осылайша, аталмыш іс-шара өз мәресіне жетті.

Расында, биылғы Жастар жылын жуалылық жастар жарқын жетістіктермен және кәсіпкерлік бастамалармен айшықтап отыр. Бұл ретте аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі қызметкерлерінің сан салалы жұмыстарды үйлестірудегі еңбегін атап өткен жөн. Алдағы уақытта да аудан жастары жарқын жетістіктерімен қуантып, жағымды жаңалықтармен бөлісіп тұрарына сенім кәміл.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close