Басты бетЖаңалықтарЭкономика

Таласта тындырымды тірлік көп

Егін жинау және күзгі егіс-дала жұмыстары Жамбыл облысына қарасты Талас ауданында жоспарға сай жүргізілуде. Бүгінде күзгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізуді қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралар қабылданған. Бұл туралы «Ақпарақ» ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жалпы, 2019 жылдың өнімі үшін барлығы 12171 гектар алқапқа ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру және 1600 га пар дайындау жоспарланған. Оның ішінде: күздік бидай 4000 гектар және бұрынғы жылдардағы    көпжылдық шөп 4221 гектарды  құрайды. Көктем айларында 3950 гектар алқапқа жаздық ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып, 3286 гектарға (83,2%) ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде: 1310 гектар жаздық арпа, 380 гектар дәндік   жүгері,   600 гектар мақсары, 100 гектар күнбағыс, 130 гектар картоп, 320 гектар бақша, 230 гектар көкөніс бар.

2019 жылдың өнімі үшін жоспарланған 3200 га күздік бидайдың орнына 4000 га жерге күздік бидай артығымен егілді. Ағымдағы жылы Ақкөл ауылдық округіндегі «Бекен» шаруа қожалығында 230 гектар алқапқа  тамшылатып суару технологиясын енгізіп отыр. Оның ішінде 130 га қант қызылшасы, 50 га картоп, 30 га пияз, 20 га сәбіз бар.

Тамды ауылдық округінде орналасқан «Тамды» темір бетон (лоток) жүйесін (6,1 шақырым) ағымды жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 35 миллион теңге бөлінді.Темір бетон лотоктарын қайта қалпына келтірген жағдайда 1200 гектар алқапты толығымен және уақытылы сумен қамтуға болады. Міне, осындай игі шаралар Таласта аз атқарылып жатқан жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, жуырда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Ауыл шаруашылығы Бірінші вице-министрі  А.Сапаров астықтың бір бөлігін экспортқа жіберуді жоспарлап отырғанын айтып, Қазақстанның астыққа деген барлық қажеттілігі 100%-ға жабылатынын – бұл тұқым, жемдік астық, ұн және макарон өндірісі, өнеркәсіптік тұтыну және т.б. – деп атап өткен болатын. Оған аудандардың қосқан үлесі зор екенін ескерсек, Таластағы тындырымды тірлікке көңіл тоярлықтай. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта  жалғасатын болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close