Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Бақытты отбасы – ел тірегі

6 қарашада Қаратау қаласындағы Ұлбике ақын атындағы мәдениет үйінде Талас ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының жанынан құрылған «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Бақытты отбасы – ел тірегі» атты аймақтық жас отбасылар сайысы өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында және Жастар жылына орай ұйымдастырылған байқауға Жамбыл, Сарысу және Талас аудандарынан барлығы 5 жас отбасы қатысып, өзара сынға түсті. Олар өздерін әртүрлі қырынан көрсетіп, бар өнерін ортаға салып бақты. Мәселен, келіншектер далада табаншаға нан жауып, бір қырын танытса, қолынан шыққан дәмді тағамдарын қазылар алқасының назарына ұсынып, тағы бір сыннан өтті. Осылайша, байқау барысында ақ жаулық пен қазақы киім киген жарасымды жұптар барын салып, бағын сынады.

Ал байқау қорытындысы бойынша қазылардың шешімімен бас жүлдені Жамбыл ауданынан келген Аманбаевтар отбасы жеңіп алса, екінші орынды Талас ауданы С.Шәкіров ауылынан келген Баймырзаевтар отбасы иеленіп, жүлделі үшінші орынмен Сарысу ауданынан келген Әміровтер отбасы марапатталды. Сондай-ақ, байқау барысында «Үлгілі отбасы» және «Өнерлі отбасы» номинациялары да табыс етілді. Бұл номинациялармен Талас ауданы Тамды ауылынан келген Бекұзақовтар мен Талас ауданы Аққұм ауылынан келген Кеңесбековтер отбасы марапатталды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жалпы, отбасы мен некені нығайту, сонымен қатар отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткен байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына көрермен куә. Ал бұндай іс-шаралардың маңыздылығы ерекше зор десек, Талас ауданында өткен байқаудың да берері мол екеніне шүбә болмас. Сол себепті де, жергілікті жерлерде өтіп жатқан осындай игі шараларды барынша қолдау мен насихаттау да маңызды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close