Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Бала құқығы – басты назарда

Жуырда Талас ауданы Қаратау қаласындағы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы орта мектепте Бала құқықтары туралы Конвенцияның 30 жылдығына орай дәріс сағаты өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Дәріс сағатына Қаратау қаласы әкімінің орынбасары С.Жаңабаев, ардагер-ұстаз Ж.Оразов, АПБ ЖПҚБ Ювеналдық полиция лейтенанты, мектеп инспекторы Ж.Парымбекова, ата-аналар кеңесі төрағасының міндетін уақытша атқарушы А.Иманбекова мен осы кеңестің төрайымдары, мұғалімдер мен оқушылар қатысты.

Жиынды мектеп директоры Г.Тоқбергенова ашып, дәріс сағатының мақсатын таныстырса, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Түменбаева «Бала құқығы – асыл қазына» тақырыбында баяндама жасап, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында оларға бағыт-бағдар берудің артықшылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ, мектеп инспекторы Бала құқықтары туралы ҚР Заңындағы жалпы ережелер мен баптар туралы жан-жақты түсіндіріп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Мәселен, толық емес отбасындағы баланың құқығы туралы сауалға жауап берген Ж.Парымбекова отбасының бұзылуы – қоғамның өзекті мәселесі екенін айта келе, бұл баланың әлеуметтенуінің бұзылуына әкеліп соғатынын, тым әлпештеп өсірудің кесірінен өзімшіл болып қалыптасатынын, алайда әр бала әке тәрбиесі мен ана құшағын сезінуі тиіс екенін айтып өтті. Бұдан бөлек Қаратау қаласы әкімінің орынбасары С.Жаңабаев, ардагер-ұстаз Ж.Оразов және ата-ана А.Иманбекова да өз пікірін ортаға салып, тақырыптың маңыздылығын тілге тиек етті. Осылайша, балалар мен ересектерді Конвенцияның негізгі ережелері мен бала құқығы туралы хабардар ету сынды маңызды мәселе қаузалған жиын қорытындыланды. Ал дәріс сағатының ұйымдастырылуына қатысушылар оң бағасын берді.

Еске сала кетейік, 30 жыл бұрын 1989 жылдың 20 қарашасында БҰҰ Бас Ассамблеясы Бала құқықтары туралы Конвенцияны қабылдаған болатын. 1994 жылы Бала құқықтары туралы Конвенцияны Қазақстан Республикасы ратификациялады. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі атаулы күндерді мерекелеу құрметіне биылғы жылдың 25 қазаны мен 25 қарашасы аралығында «Балалар үшін бірге» атты бүкілқазақстандық акциясын жариялады. Бүгінде акция аясында республика көлемінде әртүрлі іс-шаралар өткізілуде.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close