Басты бетЖаңалықтарМәдениетРуханиятСаясатҚоғамӘдебиет

Таразда Алтын Орданың 750 жылдығына арналған конференция өтті

Бүгін Халықаралық Түркі Академиясының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің мәжіліс залында «Талас құрылтайы: тарих пен тағылым» атты Алтын Орданың 750 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ».

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің, алыс жақын шет ел ғалымдары, мәдениет және білім беру саласының қызметкерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары мен оқытушыларының қатысуымен өткен жиынды Халықаралық Түркі Академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі жүргізді. Ол өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуді Үкіметке тапсырғанын, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз түркі қағанатының орталығы болғанын, қазақ хандығының қазығы қағылған аймақ екенін атап өтті. Сондай-ақ, тарихи шара барысында Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп, «Қазақ ұлтының тарихы тереңде жатыр. Тараз қаласының 2000 жылдық, Түркістан қаласының 1500 жылдық, Қазақ хандығының 550 жылдық тарихи тойын атап өттік. Енді тарихи Таразды дамыту керек. Ұлытауды туристік орталыққа айналдыру керек», деді. Сонымен қатар Бердібек Мәшбекұлы Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында жаңадан салынып жатқан «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінде болғанын, бүгінде Тараз қаласының түрленіп келе жатқанын, қаланы дамыту үшін Үкімет тарапынан көмек көрсетілетінін атап өтті. Бұдан кейін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов сөз алып, Жамбыл өңірінің тарихи мекен екенін атап өтті. Өз кезегінде Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің экс-төрағасы Медетхан Шеримкулов Таласқа байланысты құрылтайға екінші рет қатысып отырғанын, алғашқы жиын Нұр-Сұлтан қаласында жоғары деңгейде өткенін жеткізді. Бұдан кейін Моңғолия Ұлттық музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы Сүхбаатар Дагваадорж Тараз жерінде өтіп жатқан тарихи шараның маңыздылығына тоқталса, Өзбекстан Ғылым Академиясы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Фархад Максудов бір халықтың тарихын түсіну үшін оның мәдениетін жақсы көру керек екенін айтты. Өз сөзінде Татарстан Ғылым Академиясы А.Х.Халиков атындағы археология институтының директоры Кайрат Ситдиков қазақ даласының тарихи тағылымға толы екеніне, бүгінгі шара соның бір көрінісі екеніне тоқталды. Бұдан кейін ғалымдар секцияларға бөлініп, Шыңғыс хан, Жошы, Шағатай ұлыстарына қатысты, Алтын Орда тарихына қатысты өз ойларын ортаға салды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close