Басты бетЖаңалықтарСпорт

Сарысулық спортшы жеңімпаз атанды

Қызылорда қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында сарысулық Нұр Аманшүкіров жеңімпаз атанды, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

10-14 қараша аралығында Қызылорда қаласында «Евразия» спорт кешенінде қазақ күресінен ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын. Аталмыш чемпионатта Сарысу ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі Б.Тоғызақбаев атындағы Жайылма ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Аманшүкіров Нұр Серікұлы 66 келі салмақта жеңімпаз атанды.

Жалпы, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі өздерінен шыққан спортшыларды мақтан тұтатыны белгілі. Әрі бұл тұрғыдан алғанда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктердің бар екенін де айта кеткеніміз жөн. Бұл жолы да Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысқан жерлестері жеңіспен оралып, бір қуантты. «Бұл жеңіс – бәрімізге ортақ» дейді сарысулықтар.

Естеріңізге сала кетсек, ел чемпионатына Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің барлық облысынан 500-ге жуық спортшы қатысып, 16 салмақ дәрежесінде сынға түскен болатын. Жарыс ерлер арасында 9 салмақта: 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі жəне абс, əйелдер арасында 7 салмақта: 48, 52, 57, 63, 70, 78, +78 келіде өтті. Осылайша, Қазақстан ұлттық құрама сапына іріктеу мақсатында өткен чемпионатқа еліміздің мықты, тəжірибелі балуандары қатысқан еді. Ал топ жарғандар келесі жылы өтетін Əлем жəне Азия чемпионаттарында ел намысын қорғайтын болады.

Жарыстың салтанатты ашылуында облыс əкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов және Қазақстан Республикасы Ақпарат жəне қоғамдық даму министрі, Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясының президенті Дəурен Абаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сəттілік тіледі. Ал байрақты бәсекеге Жамбыл облысынан қатысқан спортшылардың ішінде әйелдер арасында 57 келі салмақта Ақмарал Ерназар, 70 келіде Аружан Жолдас, ерлер арасында 60 келі салмақта Ернұр Сүлеймен, 66 келіде Аманшүкіров Нұр, 90 келіде Айбол Айтбек, +100 келіде Ғалымжан Қырықбай сынды бір топ спортшылар жеңіспен оралды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close