Басты бетЖаңалықтарРуханиятТанымҚоғам

Таласта «Болашақ сарбазға» тақырыбында сұқбат алаңы өтті

 «Таластың сөнбес сәулесі» қоғамдық бірлестігі М.Х.Дулати атындағы ТарМУ колледжінің лекция залында «Болашақ сарбазға» тақырыбында қызықты диалогтік алаң ұйымдастырды. Оған Қаратау құрылыс-техникалық колледжі, Қаратау технология, білім және бизнес колледжі, «№2 Қаратау колледжі» білімгерлері өздерінің әскери дайындық пәні жетекшілерімен және Қаратау қаласындағы мектептердің жоғарғы сынып оқушылары қатысты.

Шараны қоғамдық бірлестіктің төрайымы Ақсұлу Байболатова жүргізіп отырды. Күн тақырыбы бойынша арнайы шақырылған спикерлер жастар тәрбиесі, жастардың өмірге дайындығы, оларды жауапкершілікке, еңбексүйгіштікке, азаматтыққа тәрбиелеу, сондай-ақ сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастар арасында құқықтық мәдениет деңгейін арттыру мен заңды мүдделерін қорғау, т.б. тақырыптарға тоқталды.

Қаратау қаласы Қорғаныс істер жөніндегі біріктірілген бөлімі бастығының орынбасары Б.Ниязов болашақ сарбаздарды азаматтарды әскер қатарына шақыру, әскери қызметке шақырудан босату және әскери қызметтен жалтару бойынша заңдылықтармен таныстырып, жастар тарапынан қойылған сауалдарға жауап бере отырып, кез келген мәселе бойынша әскери комиссариатқа келіп кеңес алуға болатынын түсіндірді.

Талас ауданының мемлекеттік архивінің қызметкері З.Шекербек мұрағат қорына жоспарлы түрде жыл сайын 1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, жалпы бүгінгі таңға дейін Талас ауданы бойынша 81 ардагердің жеке тектік құжаттары /суреттері, өмірбаяндары, естеліктері, марапаттары, олар туралы кітап, газет, журналдарға жарияланған мақалалар/ сақтауға алынып, арнайы Құрмет тақтасы, фотоальбом-слайдтар жасалғанын, сондай-ақ 2019 жылы Талас ауданындағы Ауған соғысының ардагерінің де құжаттары сақтауға алынғанын баяндады. «Мақсат – Отан үшін от кешкен аталарымыз бен апаларымыздың ерлігін, отты жылдардағы тыл еңбеккерлерінің еңбегін, өмір жолын насихаттау, тарихта қалдыру және ұрпақтан ұрпаққа жеткізу», – деді.

Ауған соғысының ардагері М.Омаров Ауған соғысының 1979-1989 жылдарға созылғанын, Ауған жерінде әскери борышын өтеген жылдары бастан кешкен қиындықтары мен есте қалған оқиғаларымен бөлісті. «Иә, біз сұрапыл соғысты бастан өткердік. Біздің жастарымыз осы бейбіт өмірді, тыныштықты, тәуелсіз еліміздің қүндылықтарын бағаласа дейміз. Біз ол соғысты қалаған жоқпыз, бірақ 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, Отан азаттығын қорғаған ардагерлердің Ұлы Жеңіске қосқан үлестерін зор құрметпен бағалап, солардың ізбасарлары екенімізді мақтан етеміз. Ауған соғысы ардагерлерінің де тарихта өз орны бар екені даусыз. Өйткені, Отан алдындағы борыш – ең қасиетті парыз. Еліміздің болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, күш-жігерлеріңіз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Отанымызда елін, жерін сүйетін, жаңа келбетті жас толқынның өсіп келе жатқанын көргенде қуанамыз. Мемлекетімізді, ұлттық және рухани құндылықтарды болашақ ұрпаққа табыстау үшін сапалы білім қажет. Ол үшін жастарымыз жасалған барлық мүмкіндікті пайдаланып, сапалы білім, саналы тәрбие алып, алға мақсат қойып, жауапкершілікті сезінсе, сонда ғана мақсатымызға жетеміз», – деп сөзін аяқтады. Аталған диалогтік алаңда «Майданның асуында от кешкендер» атты архив көрмесі жайылды. Шараға қатысушылар көрмені қызыға тамашалады, оқушылардың көкейдегі сұрақтарына нақты жауаптар берілді. Қатысушылар тарапынан ұйымдастырушыларға тың ұсыныстар мен тілектер айтылды. Жалпы бұл шара жастардың бойына жігер берген, қызығушылықтарын оятқан өзгеше бір сұқбат алаңы болды десе болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close