Басты бетЖаңалықтарКәсіпкерлік және өнеркәсіп

Кәсіпкерлікке бет бұрған бойжеткен

«Жас кәсіпкер» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. Осы ретте биылғы жылы елімізде жарияланған Жастар жылы аясында ел жастарына көптеген мүмкіндіктер туып отыр. Жас кәсіпкер Дария Сүлейменова мемлекет қолдауын сезініп, ағымдағы жылдың қыркүйек айында өз жеке кәсібін ашты. Бойындағы іскерлік қабілеттеріне күмәнданған кейбір жас кәсіпкерлерге қарағанда, біздің кейіпкеріміз бизнес әлеміне батыл қадам басты.

Дария Cүлейменованың Б.Момышұлы ауылында дәмді де ерекше дизайндегі кондитер өнімдерін тапсырыспен жасап жүргеніне біршама уақыт болды.
– Барлығы өзім жүлдегер болып табылатын «Жас кәсіпкер» конкурсынан басталған еді. Байқаудағы тәлімгерлердің бірі мені оқуға шақырды. Оқу курсын сәтті аяқтап, қолыма сертификат алған соң, қайтарымсыз грантқа өтініш білдірдім. Жобаны сәтті қорғап шықтым да, жеңіп алған 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант қаражатын пайдаланып, кәсіпке қажетті жабдықтар сатып алдым,- дейді жас кәсіпкер.
«Жас кәсіпкер» бағдарламасының көптеген артықшылықтарын қоспағанның өзінде, кондитер өнімдерін сақтайтын тоңазытқыштар сатып алуының өзі Дарияның кәсібіне айтарлықтай оң әсер етті.
Дарияның негізгі мамандығы – биология пәнінің мұғалімі. Дегенмен, бұл оның өзіне мүлдем басқа жолды таңдауына кедергі болған жоқ. Оған қоса, кәсіпкер өзінің жеке ісін өркендету үшін білімін жетілдіретін «алтын кеніш» тапқандай болды.
– Қазіргі уақытта «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Жас кәсіпкер» жобасынан үйренген білімімді, жинаған тәжірибемді жетілдіріп, іс жүзінде жүзеге асырып жатырмын. Бүгінде елімізде көптеген жобалар қолға алынып отыр. Мұның барлығы да жастардың кәсіпкерлік әлеуетін дамыту үшін үлкен көмек. Ал мен үшін «Жас кәсіпкер» жобасы шын мәнісінде шағын бизнесімнің бастауы болды. Онымен қоса менің кәсіпкер ретінде де есеюім деп білемін, – деді Дария Ермаханбетқызы.
«Жас кәсіпкер» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. Жыл басынан бері оқуға қабылданған 150 азаматтың 100-і өз ісін ашуға және ілгерілетуге гранттар жеңіп алды. Осылайша, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететін кәсіпкерлік субъектілерін мүмкіндігінше көп қамту жоспарлануда.
– Бізге жоба аясында мамандар бизнес-жоспар, қаржы жоспары дегеннің не екенін және оларды қалай жасайтынын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Сол кезде бизнеске жаңадан қадам басқан мен үшін бұл өте маңызды болды. Аталған жоба менің кәсіпкерліктегі алғашқы мектебім десем де болады, – деп Дария сөзін қорытындылады.

Жанболат МҰСАҚҰЛ,
жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close