Басты бетЖаңалықтарСпорт

Сарысу ауданында облыстық турнирдің ашылу салтанаты өтті

Жуырда Сарысу ауданы Жаңатас қаласында аудан мақтанышы Евгения Богунованың жүлдесіне арналған облыстық турнирдің салтанатты ашылуы өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Жамбыл облысының 80 жылдығына орай, самбо және дзюдо күрестерінің чемпионы Евгения Богунованың жүлдесіне арналған облыстық жарысқа Шымкент қаласы, Түркістан облысы, Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Талас, Сарысу аудандарынан 2005-2006 жылы туған 300-ге жуық жасөспірім қатысып, бақ сынауда.

Турнирдің салтанатты ашылуында аудан әкімі Қанатбек Мәдібек сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілесе, Евгения Богунова жетістікке жетудің жолдарын, ол үшін, сенімділік, дайындық, еңбек пен тәжірибе қажет екенін айтып, ұстаздары мен аудан басшылығына алғысын жеткізді.

Жалпы, Сарысу ауданы бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөліп келеді. Аудандағы 5 спорт мектебі мен барлық ауылдық округтердегі спорт алаңшаларының жұмысын айтпағанда, түрлі жарыстар мен әртүрлі деңгейдегі турнирлер жиі өткізіліп келеді. Солардың бірі Евгения Богунованың жүлдесіне арналған турнир. Жарыс қорытындысын алдағы уақытта жариялайтын боламыз. Әзірше барлық қатысушы ұлдар мен қыздар тың дайындықпен, жарысқа деген құлшыныспен келгенін айтып өткеніміз жөн.

Мәлімет үшін:
Евгения Богунова самбо күресінен әлем чемпионатының 6 дүркін, дзюдодан Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Атланта олимпиадасының қатысушысы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол мектеп қабырғасында жүргенде КСРО-дағы дзюдо бойынша ұлттық құрама мүшесі болған. Қазақстан Республикасының әйелдер дзюдосының дамуының бастауында тұрған алғашқы әйел спортшылардың бірі. Сондай-ақ, ол 1989-1997 жылдары самбо мен дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының мүшесі әрі аталған спорт түрлерінің сөзсіз көшбасшысы атанды. 2005 жылға дейін спорттың әртүрлі биіктерін бағындырып, өз жетістіктерімен дзюдо және самбо күресінің шыңына шыққан спортшы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close