Басты бетЖаңалықтарСаясат

Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі

Жуырда Жуалы ауданындағы А.Байтұрсынов атындағы №13 орта мектепте ҚР Президентінің Жолдауын насихаттау жөніндегі ақпараттық топтың мүшесі, Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Мейрамбек Төлепберген жиын өткізді. Жиынның мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын халық арасында кеңінен түсіндіру.

Жиынды аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Ұзақбай Құрманбаев ашып, сөз кезегін Мейрамбек Мылтықбайұлына берді.
-Мемлекет басшысы Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын арнаған болатын. Жолдауда Президент ішкі саяси мәселелер, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, экономиканы жаңғырту, халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін айтты. Осы орайда Жолдаудан туындайтын міндеттер мен тапсырмаларды іске асыру – біздің міндетіміз саналады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында әлеуметтік саланың бірнеше бағыттарына мән беруді тапсырды. Біріншіден, білім беру сапасын жақсартуды назарға алды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз керек. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс» – деді. Яғни, балаларға мектеп қабырғасынан бастап білім мен ілімнің шыңына жетуді үйрету керек. Сондай-ақ, қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап бара жатқанын, оның негізгі мәселесі ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы екенін баса айтты. Бұл мәселенің шешімі «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру қажеттігінде екенін де айтып өтті. Ендеше, әрбір ұстаздың мәртебесі жоғары болса, шәкірті де білімді боларына сенім мол.
Балалар – біздің болашағымыз. Ал, болашағымыздың жарқын болуы үшін ұрпағымыз бәсекеге қабілетті, заман талабына сай білімді, жан-жақты болуы тиіс. Ал, оқушылардың мұндай дәрежеге жетуі жолында мұғалімдер аянбай еңбектенуі керек деп ойлаймын. Әр адам өзінің кәсібіне, ісіне адал болса, оның нәтижесі де жоғары болады. Білім ошақтарында небір білімді кадрлар бар. Сол жақсы ұстаздар сақталуы тиіс. Оның тәжірибесін жастар үйреніп, білімін жетілдірсе, нұр үстіне нұр. Сондай-ақ, екіншіден ұлттық сана жаңғырып, ұлттық құндылық сақталып, ұлттық тәрбие бала бойына сіңіріліп, оқушыны қанаттандырып, ынталандырып, одан тұлға қалыптастыра білген жөн. Мұндай нәтиже адам бойындағы мемлекеттік қасиеттің жоғарылығынан көрініс табады, – деді ол өз сөзінде.
Жиын барысында Мейрамбек Мылтықбайұлы Жолдаудағы бірнеше мәселелерді қозғады. Ол әлеуметтік мәселелер, мәдениетті қалыптастыру, «Педагог мәртебесі», ауыл мектебінің жағдайы жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Жиынды аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Ұзақбай Құрманбаев «Білім жолында тынымсыз еңбек етіп, жоғары нәтижеге жете берейік. Алдымызға қойылған айқын мақсаттың, белгіленген жоспар, бағыт-бағдармен саналы, білімді ұрпақ тәрбиелейтінімізге сенім білдіремін» деп қорытындылады.

Айгүл Қалымханқызы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close