Басты бетЖаңалықтарЭкономикаҚоғам

Жуалыда нан бағасы назарда

Жақында Жуалы аудандық әкімдігінің мәжіліс залында әлеуметтік азық-түлік өнімдеріне бағаны реттеу жөніндегі штабтың отырысы өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы ашып, жүргізіп отырды. Асхат Базарбайұлы қазіргі таңда бидай бағасының қымбаттауы себебінен нан бағасының сауда орындарында негізсіз көтерілуі орын алып жатқанын айтты. Сонымен қатар, наубайханалар мен нан тасымалдаушы көліктерінің санитариялық талаптарға сәйкестігін тексеру керектігіне де тоқталды.

Жиында нан бағасын тұрақтандыру жөнінде баяндама жасау үшін сөз кезегі аудан әкімдігі өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрлан Көпбаевқа берілді.
– Ауданда нан өнімдерін өндіретін алты наубайхана жұмыс жасауда. Олар: «Д.Бақыбеков», «Шымырқұлов Н», «Ж.Құрмашева» жеке кәсіпкерліктері және «Нұрдана» шаруа қожалығы. Бүгінгі күні олар жергілікті дүкендер мен базарларға және шалғай елді мекендерге нанды 70-75 теңгеден таратуда. Сатылу бағасы 80-85 теңгеден. Сонымен қатар «Жуалы-сауда» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі шалғай елдерге 65 теңгеден нанды өткізуде, сатылу бағасы 70-75 теңгеден. Алайда, ең ірі сауда орны саналатын базардың кейбір сату орындарында нан бағасы 85 теңгеден сатылу жағдайы тіркеліп отыр. Тараз қаласынан келетін «ХД» сауда белгісі бар нанның өткізу бағасы 85 теңгеден, яғни базардағы сатушылар 90 теңгеден сатуда, – деп кейбір жерлерде сатушылар бағаны негізсіз өсіргенін айтты. Сондай-ақ, Нұрлан Нұрмағанбетұлы жұмыс тобының барлық сауда орындарында нан бағасына рейдтік жұмыстар жүргізілгеніне тоқталды.
Штаб отырысында бағаның тұрақсыздануының салдарын зерттеу үшін Асхат Базарбайұлы сауда орындарына тағы да рейдтік тексеріспен шығып, түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін ұсынды. Осы мақсатта өткен аптаның сенбі күні аудан әкімінің орынбасары бастаған жұмыс тобы әкімдік бөлімдерінің қызметкерлерімен бірге базарда рейд жүргізді.
Рейд жаңадан ашылған «Нұр» сауда орнынан басталды. Мұнда саудагерлер бағаның тұрақты, тіпті, ең арзан екенін, әлі де тазалық, реттеу жұмыстары және жарық керек екенін айтты. Сатушылардың бірі Сейсекүл Әлімбетова сауданың нашарлығын алға тартты. Бағаны тұрақты ұстап тұрғандарын, яғни, ауданның наубайханаларынан алатын нанды 75 теңгеден, Тараз қаласынан келетін «ХД» нанын 90 теңгеден саттатындарын айтты.
-Біз осы нанның арқасында өмір сүріп отырмыз. Қазір сауда баяғыдай емес, тым нашар. Бір нанға бола тұрғындар мұнда келмейді. Сол үшін де біз бағаны өсірмей отырмыз. Өзі сауда жоқ жерде баға шарықтап тұрса, онда тауып отырған нәпақамыздан айырыламыз ғой. Қазір нан сататын сатушы да көп. Тіпті, нан сатпайтын дүкендер де нан сатуға көшкен. Ондай болса, мынандай базардың соңында орналасқан жерге ешкім келе қоймайды, – деді жеке кәсіпкер Сейсекүл Әлімбетова.
Сауда орнымен Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралапов таныстырды. Алайда, мұнда әлі де реттеу, тазалық жұмыстарын жүргізу қажеттігі көрініп тұрды.
Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары «Айдана» сауда орталығының алдындағы саудагерлермен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бір ай ішінде бұл сауда орнын босату керектігін ескертті.
Ал, азық-түлік, ет, нан сатылатын жаңадан ашылған сауда орнында жеке кәсіпкер Перенкүл Байтоқова аудан наубайханашылардың нанын 85 теңгеден, жамбылдық «ХД» нанын 95 теңгеден сататынын айтты. Ал, «Жасыл» дүкеніндегі жеке кәсіпкер Нұргелді Қабылбеков: «Дүкенде баға тұрақты. Нанға арнайы сөре қараластырылған. Санитариялық талаптарға сай қоямыз. Аудандық өнім 80 теңгеден, тараздық өнім 90 теңгеден сатылады. Тұтынушылар көбінесе тараздық нанды тұтынады, оған сұраныс жоғары» деді.
Келесі кезекте рейд жұмысын жүргізушілер аудандағы наубайханаларды аралады. Рейд барысында кейбір наубайханаларда санитариялық талаптарға сай емес жағдайлар да кездесті. Мұндай наубайханалардың иелеріне уақытысында айыппұл салынып, өндірілгені және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілгені анықталды. Осы ретте аудан әкімінің орынбасары Асхат Базарбайұлы жеке кәсіпкерлерге бағаны тұрақты ұстау керектігін және санитариялық талаптарға сай болу қажеттігін жеткізді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close