Басты бетЖаңалықтарСпорт

Сарысуда республикалық турнир өтуде

Сарысу ауданында бокстан Халықаралық дәрежедегі және Кеңес одағының спорт шебері, ауданның Құрметті азаматы Серік Өмірбековтің жүлдесі үшін жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтуде, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырған IV-шi республикалық турнирде 2006-2007 жылдары туған 130-дан астам жасөспірім бақ сынауда.

Жалпы, Сарысу ауданы жергілікті халыққа спортпен шұғылданудың артықшылығын насихаттап қана қоймай, түрлі жарыстар мен турнирлерді ұйымдастыру арқылы жерлестерінің арасынан мықты спортшылардың көптеп шығуына септігін тигізуде. Осылайша, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі бұқаралық спортты дамытуға ерекше ден қоя отырып, кәсіби спортшылардың биіктерден көрінуіне ықпал етуге әрдайым әзір екенін дәлелдеуде. Мәселен, соңғы аз ғана уақыттың өзінде бірнеше жарыс ұйымдастырылды. Соның бірі Жаңатас қаласында өткен Жамбыл облысының 80 жылдығына орай, самбо және дзюдо күрестерінің чемпионы Евгения Богунованың жүлдесіне арналған 2005-2006 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы облыстық турнир болса, бірі осы – даңқты боксшы Серік Өмірбековтің жүлдесі үшін өтіп жатқан турнир деуге болады.

Бұдан бөлек сарысулықтардың жеткен жетістіктері туралы айтар болсақ, Нұр-Сұлтан қаласында 1-4 қарашада қазақ күресінен 2002-2003 жылдары туған жастар арасында өткен «Жас барыс» республикалық турнирінде Сарысу ауданына қарасты Саудакент ауылындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Рауан Тәттібаев 46 келі салмақта 2-орын алғанын атап өтуге болады. Аталған жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және барлық облыстардың құрама командалары қатысқан болатын. Сондай-ақ, жуырда ғана, дәлірек айтсақ 16-17 қарашада дзюдодан 2000-2002 жылдары туған жастар арасында өткен Шымкент қаласының дзюдо федерациясының ашық кубогінде Саудакент ауылындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Ізбасар Ералиев 100 кг салмақта күресіп, жеңімпаз атанды. Ол жарысқа Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен бөлек еліміздің түкпір-түкпірінен бірнеше команда қатысқан еді.

Міне, тізе берсек, бұндай жетістіктер Сарысуда жетерлік. Ал оның барлығы аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің мұрындық болуымен өтіп, қолдауымен жүзеге асуда. Жоғарыда айтқан Серік Өмірбековтің жүлдесі үшін жасөспірімдер арасында өтіп жатқан республикалық турнир де соның бір айғағы. Ол жарыс қорытындысын алдағы уақытта жариялайтын боламыз.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close