Басты бетЖаңалықтарСаясатҚоғам

Аудан әкімі кәсіпкерлермен кездесті

Жуырда Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Алатау» мейрамханасында кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуге аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен тиісті сала қызметкерлері қатысты.

Жиынды Нарбай Әбілқасымұлы ашып, жүргізіп отырды.
– Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың өкімімен бекітілген жұмыс алгоритміне сай атқарған жұмыстың тиімділігі мен нәтижелілігін көтеру мақсатында айына екі рет әртүрлі мәселелермен аудан тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырып отыруымыз керек. Осыған байланысты, міне, сіздермен тағы да кездесіп отырмыз. Бүгін шешімін таппай отырған мәселелерді ашық айтып, әңгімені «дөңгелек үстел» ретінде өткізейік, – деген ұсыныс жасады аудан басшысы.
Аудан әкімі алғашқы сөзді аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұрлан Көпбаевқа берді.
«Ауданда тіркеліп, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4252-ні құрап отыр, оның ішінде екі орта, 133 шағын кәсіпорындар,1745 жеке кәсіпкерлер және 2372 шаруа қожалықтар жұмыс жасауда. Жалпы тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің ішінде жұмыс істеп тұрғандар саны былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 109,5% құрап отыр» деді Нұрлан Көпбаев.
Одан кейін бөлім басшысы ауданда несие тарату қызметін атқаратын бес шағын несие ұйым жайлы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ауылдық округтерде жаңа жобалармен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Баяндамашы халық тұтынатын тауарлар мен жанар-жағармай бағаларын реттеу жөніндегі аудандық штабтың жұмысы туралы тілге тиек етті.
– Ауданда нан бағасын тұрақтандыру бойынша алты наубайхана жұмыс жасауда. Бүгінгі күнге олар 70-75 теңгеден жергілікті дүкендермен базарларға және шалғай елді мекендерге нан таратуда. Сатылу бағасы 80-85 теңгеден, сонымен қатар «Жуалы Сауда» шалғай елдерге 65 теңгеден өткізуде, ал ол нанды 70-75 теңгеден сатады. Тараздан келетін нан 85 теңгеден, ал базардағы және дүкендердегі сатушылар оны 90 теңгеден сатып отыр. Бұл бағытта аудандық штаб нанның бағасын тұрақтандыру бағытында жұмысын жалғастыратын болады,- деді Нұрлан Көпбаев.
– Сондай-ақ, ол 2020 жылы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша картаға кәсіпкерлердің қажеттіліктері енгізіледі, яғни, онда 6%-дық несие ұсыну жағдайы қаралатын болады. Бүгінгі күні кәсіпкерлік бөлімі Бауыржан Момышұлы ауылы әкімімен бірлесіп, қажеттіліктерді анықтау жұмыстарын жүргізуде. Алайда Н.Көпбаев кәсіпкерлердің жұмыстарына зерделеу жұмыстары да жүргізілетіні туралы да айтып, ескертті. Ол бір сөзбен айтқанда- скрининг,- деді баяндамашы.
Келесі сөз Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралаповқа берілді. Ол сөзінде алгоритмге байланысты кәсіпкерлермен төртінші рет кездесу ұйымдастырылып отырғанын айтты. Барлық кездесу осы базар және сауда орталықтарының жұмысы төңірегінде болып жатыр. Баяндамашы өз сөзінде мәселелерді бес топқа бөліп, тиянақты әрі қысқа баяндап берді. Ол, біріншіден, тазалық мәселесін көтеріп, жанайқайын жеткізді. Базардағы 119 қызмет көрсететін нысан болса, соның тек 63-і ғана күл-қоқысты шығаруға келісімшарт жасасқан, ал 56-сі мүлдем оны жасауға асығар емес. «Егер жұмыс, демалыс орындарымыз, жүрген жерлеріміз, таза болса, ауылымыз да таза болады, көркейеді. Ауданға қонақтар келеді, күл-қоқыстан аяқ алып жүре алмаймыз» деді ауыл әкімі. Ол сондай- ақ, аудандық мәслихаттың қағидасына сәйкес, әр сауда орны болсын, басқа нысан болсын, шекарасының сыртын бес метрге дейін таза ұстауға міндетті екенін айтты. Сондай-ақ, нысанның келбетін, сыртын таза ұстап, әрлеу жұмыстарын жүргізу керек. Егер оны кімде-кім орындамаса, айыппұл салынады,-деп ескертті баяндамашы.
Сондай-ақ, аудан орталығындағы 35 нысан атқарып отырған жұмысына сай құжаттарын сәйкестендіріп, соған лайықты етіп ауыстыру керек.
Баяндамашы тағы да қоғамдық көліктің талаптарға сай тұратын орнын және атқаратын міндеттерін сәйкестіру керек екенін тілге тиек етті. Келешекте аудан орталығындағы және басқа бағыттарға қатынайтын көліктер бұрынғы автобекет маңына ауыстырылады. Бүгінгі таңда онда дайындық жұмыстары жүргізілуде. «Қоғамдық көліктің жұмыс орны талаптарға сай болуы керек дегеніміз, жолаушыларға арналған күту залы, медициналық пункт болуы керек. Соның барлығы дайын болғанда көліктер сол жерден қатынайтын болады. Жуырда барлық кәсіпкерлердің қаншалықты заңды жұмыс істеп жатқандарын тексеріп, зерделейміз» деп Көбейсін Есқалиұлы уәде берді.
Сондай-ақ, М.Мәметова, Б.Үсенов және Ы.Алтынсарин көшелеріндегі көліктер де келешекте автотұрақтарда тұратын болатынын айтты. Базар маңында және көшелерде белгілер қойылса да, оны көлік жүргізушілері еш мойындамайды. Ауыл әкімі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне жүргізушілер арасында тәртіп дұрыс қадағаланса деген ұсыныстар айтылды.
Жиын ашық, пікір алмасу бағытында жүргізілгендіктен кәсіпкерлер де үндемей отырмады. Мысалы, «Жуалы» кафесінің егесі Дина Ракишева: «күз-көктем кездерінде ғимаратты су қаптайтынын, сол үшін ол суды жүйелейтін «су жинайтын науалар сатып алдым, ал қазба жұмыстарын жүргізейін десем, ол заңсыз дейді, онда жер астында кабілдер бар екен. Мен енді не істеуім керек?»,-деді. Оның сұрағына ауыл әкімі К.Хайралапов жауап берді. Сондай ақ, «Нұр» базарында нан сататын Жаңыл Маемирова, кәсіпкер Лечи Оздамиров көліктер тұратын тұрақтар жайлы, базардың ортасында қойылған науалар қаншалықты қыс кезінде жүргіншілер үшін қауіпті екенін айтып, оларды жауып қою керек деген ұсыныс жасады. Кәсіпкерлер «Айдана» сауда орталығының алдында және «Сарыағаш» базары маңында сыртта тұрған кәсіпкерлерді ішке кіргізу мәселесін де көтерді. «Сонда ғана біздің базарда тәртіп болады, оның аймағы көріктеніп, көркейеді»,- деді олар.
Кездесу өтіп жатқан күні аудандық полиция бөліміне тағайындалған жаңа бөлім басшысы Мақсат Ережепов жиынға келіп қатысып, сөзінде өзін таныстырып, кәсіпкерлердің базардағы автокөліктер тұрағы жайлы, келешекте қолданылатын жаңа тәртібі туралы бөлісіп, көптеген сұрақтарға жауап берді.
Жиыннан кейін аудан әкімі, бөлім басшылары және тиісті сала қызметкерлері кәсіпкерлердің өтініші, сұранысы бойынша барлық сауда орталықтарын аралап, көптеген ұсыныстар алып, оларды орындауға шара қолданатындарын жеткізді.

Гүлмира Дембаева.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close