Басты бетЖаңалықтарӘдебиет

Жуалыда облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті

Жуырда Жуалы ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен аудандық «Достық» мәдениет үйінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған байқаудың басты мақсаты – ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттап, жас ақындардың шығармашылығын арттыру, дарынды жастарға қолдау көрсету мен өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру.
Мүшәйраға Жамбыл, Шу, Сарысу, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас аудандары, Тараз қаласы мен Жуалы ауданынан барлығы 23 жас ақын қатысты. Байқау екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар бірінші кезеңде «Абай – халқымыздың шамшырағы» тақырыбында ұлы ақын Абай Құнанбайұлына арнап өлең оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы өз туындыларын тарту етті.
Жыр әлеміне қанат қаққан жас талапкерлердің өнерін аудандық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз, ақын Дәулетжан Байдалиев бастаған қазылар алқасы, дәлірек айтқанда, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Айжан Еркебаева, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеушов, талантты жас ақын, Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің тілшісі Арайлы Жақсылық, сонымен бірге осы жолдардың авторы бағалады.
Қазылар алқасы үміткерлердің өнерін бағалау кезінде талапкерлердің өлеңді таңдау талғамына, өлең-жырларындағы сөз қолданысына, ұйқасына, ой тереңдігіне, көркемдік ерекшелігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, жатқа айту шеберлігіне, сондай-ақ, сахналық киім мәдениетіне де баса назар аударды. Ұлы ақынға арналған облыстық жыр мүшәйрасына қатысқан ақындар да аянып қалмады. Екі кезеңде де қатысушылар барын салып бақты.
Біраз уақытқа созылған жыр жарысының қорытындысы бойынша Талас ауданынан үмітін үкілеп келген жас ақын Жанерке Ширенбет І орынды жеңіп алса, Т.Рысқұлов ауданынан жас ақын Жәнібек Әміре мен Тараз қаласы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Асылхан Жаңабаев ІІ орынды, жамбылдық жас өрен Мерейхан Райымбаев пен аудан атынан қатысқан ақын Арман Әбуге ІІІ орын берілді. «Үздік ақын» номинациясы жуалылық жас ақын Мүнира Қаржаубаева мен Шу ауданынан ат терлетіп келген үміткер Жібек Теңізбаеваға берілді.
Байқау жеңімпаздары аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің атынан бағалы сыйлықтармен, сонымен бірге аудан әкімінің арнайы Дипломдары және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мүшәйраға қатысқан жас ақындар шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізіп, алдағы уақытта да осындай жыр жарыстары тұрақты өткізілуіне тілектестік білдіріп тарқасты.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close