Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Әлеуметтік мәселенің мән-жайы ауылдарда да түсіндірілуде

Жуырда Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Арубаев тұрғындармен жиын өткізді, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі. Ауыл әкімшілігінің мәжіліс залында өткен жиынға аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Сәбитхан Қожанов, Б.Момышұлы ауылы әкімінің орынбасары Затыбек Пашенов және көпбалалы аналар мен тұрғындар қатысты.

Жиын барысында Сәкен Қаланұлы сөз сөйлеп, бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі – атаулы әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау екенін айта келе, бұл көмек 2018 жылдан бастап тағайындалып, облыс бойынша 2,5 миллиард теңге бөлінгенін, ал, 2019 жылы сәуір айынан бастап көпбалалы аналарға жәрдем ретінде 21,5 миллиард теңге қарастырылып, атаулы әлеуметтік көмек облыс бойынша 35 мың отбасына, яғни 129 мың адамға төленіп, әр отбасына жылына 1 немесе 1,5 миллион теңгеден айналғанын жеткізді. Яғни, осы көмектің арқасында көп отбасылар өздерінің тұрмыстық жағдайын жақсартып алғанын, бұл жәрдемақы тұрғындарға кедейшілік шегінен шығуға ықпал еткенін тілге тиек еткен басқарма басшысының орынбасары кейбір тұрғындар өздерінің тұрмыс жағдайы жақсы бола тұра, түрлі құйтырқы іс-әрекеттерге барып, атаулы әлеуметтік көмекті алғанын айтты. «Мемлекеттің әр теңгесінің сұрауы бар, бәрі зерделеніп, тексеріліп, сарапталып тұрады. Осы жағдайларды анықтап, атаулы әлеуметтік көмекті қажет етпейтін отбасылардан қайта қаражат өндіріліп, жұмыстар атқарылуда», – деді өз сөзінде. Ол, сондай-ақ, тұрғындарға 2020 жылдың 1 қаңтарынан тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдемелерін түсіндірді. Ол қазіргі уақытта заң жобасы әзірленіп, ондағы басты бағыт тұрғындарды еңбекке ынталандыру, табысы аз азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету болып табылатынын айтты. Сонымен қатар, көпбалалы аналарды қолдау, жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек, кепілді әлеуметтік топтама ұсынылатын жаңа ұстанымдарда қамтылатынын жеткізді. Жиын барысында ауыл тұрғындары да белсенділік танытып, көкейіндегі сауалдарын қойды. Қойылған сұрақтарға тиісті мамандар нақты әрі толық жауап берді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close