Басты бетЖаңалықтарҚоғам

«Ең үздік жоба» конкурсының жеңімпаздары марапатталды

Соңғы жылдары еліміздің әлеуметтік-саяси өмірінде қоғамдық қатынастар саласындағы түбірлі өзгерістер, тұрғындардың азаматтық белсенділіктерінің өсуі басым сипат алды. Азаматтық қоғам институттарын үдемелі және дәйекті түрде қалыптастыру, азамат пен мемлекеттің арасындағы серіктестік қатынастың орнығуы реформаларды алға бастырудың көзге айқын шалынатын индикаторына айналды.

Кез келген демократиялық қоғамның мемлекеттік және жекеменшік секторымен өзара қатынаста болатын дамыған «үшінші» сектормен сипатталатындығы белгілі. Мұның өзі көпшіліктің әлеуметтік маңызы бар шешімдерді қабылдау мен оларды бірге жүзеге асыру процесіне қатысу механизмінің пайда болуын негіздейді.
Азаматтық қоғам қалыптасуының маңызды құрамдас бөлігі үкіметтік емес ұйымдардың іс-қызметі болып табылады.
Біздің ауданымызда 24 үкіметтік емес ұйым бар. Оның әрекеттегісі – 18. Үстіміздегі жылдың сәуір айында аудан орталығынан ауданымыздағы үкіметтік емес ұйым жетекшілерінің басын қосатын «Азаматтық орталық» ашылған болатын. Орталықтың жетекшісі – «Жуалы әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күлбақыт Айтқұлова.
Күлбақыт Тұрымханқызы аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде үкіметтік емес ұйымдардың арасында «Ең үздік жоба» конкурсын ұйымдастырған болатын. Жақында осы конкурстың қорытындысына арналған жиын болды. Оған он үкіметтік емес ұйымның жетекшілері қатысты.
Жиынды Күлбақыт Айтқұлова ашып, жүргізіп отырды.
-Біздің елімізде үкіметтік емес секторы қоғамдық бірлестік, мемлекеттік емес қорлар заңды тұлғалардың адам ретінде қоғамдық пайдалы мәселелерді шешу мақсатында ұсынылған. Бүгінгі таңда нақты жұмыс істейтін ҮЕҰ өңіріміздің әртүрлі салаларында жұмыс істеуде. Негізінде бұл – адам құқығын қорғау, қоршаған орта мен экология, гендерлік мәселелер, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобының мүдделерін қорғау сияқты әлеуметтік маңызы бар салалар.
Азаматтық қоғамның мақсаты – халық пен мемлекет арасында алтын көпір болу, әрбір жеке тұлғаның мүддесін қорғау, билік пен қоғам алдында оның мүддесін ұсыну болып табылады. Ал «Азаматтық орталықтың» мақсаты – ҮЕҰ жетекшілерінің басын қосу, оларды өтінімдерді қалай сауатты толтыру, қаржыландыру, жоспарлау мәселелерін үйрету. Біз өз кезегімізде жоба жасау, бағалау, қаржы жағынан есептерді үйрету, компьютерлік сауаттылықты арттыру, гранттарға қатысу сияқты бағыттарда жұмыстарымызды бастап кеттік. Ең бастысы, ҮЕҰ жетекшілері мен мүшелерінің түрлі мәселелермен тұрақты бас қосатын орны болып отыр. Біз орталыққа тәжірибе алмасу, ақыл-кеңес алу үшін білімді де білікті мамандарды шақырып, пікір алмасып, бір-бірімізге көмектесеміз.
Биылғы жылы ауданымыздағы үкіметтік емес ұйым жетекшілері бес жоба ұтып алды. Бесеуі де өз жұмысын белсенді түрде атқарды. Атап айтқанда, «Жуалы Қанағат» қоғамдық қорының жетекшісі Ұлтуған Бекмұханова ауданмызда бірінші рет Қазақстан әйелдері форумын ұйымдастырды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде халық арасында жұмыс жүргізсе, «Самұрық-Жастар» жастар қоғамдық бірлестігі жастарды қолөнерге баулыды. Ал, «Мехрибан Шаңырақ» қоғамдық қоры отбасы құндылықтары, жас ұрпақ тәрбиесі туралы насихаттау жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге «Жуалы Береке» қоғамдық қоры халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетін көтеру мақсатында халық арасында сауалнама жүргізді. Азаматтық орталықта «Жуалы Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Смайыл Көбесов бірнеше рет жиналыс өткізді. Жиында жайылым жер, тағы да басқа мәселелер қозғалды. «Қазақстан ұйымдастырушылар қоғамы» қоғамдық бірлестігі пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу мақсатында көп жұмыстар атқарды.
Тараз қаласындағы «Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нілзия Ракишева да ауданымызға бірнеше рет келіп, жұмысымызды қалай дұрыс жүргізуге болатынын егжей-тегжей түсіндіріп, көп көмек көрсетті,- дей келіп, Күлбақыт Тұрымханқызы «Ең үздік жоба» конкурсының жеңімпаздарын марапаттады.
Конкурс үш номинация бойынша өтіп отыр. Бірінші, жобаның өзектілігі, яғни маңыздылығы, заманауилығы, қажеттілігі, жоспардың жасалу нақтылығы. Екінші, жоспарды орындау, яғни іс-шараның жобадағы жоспардың мақсаттарына сәйкестігі; уақтылы орындалуы, тапсырылған құжаттардың көркемділігі. Үшінші, жоба шеңберінде бастаған қызметін жалғастыру ықтималдылығы, ұзақ мерзімділігі.
Осы ерекшеліктер ескеріле келіп, І орынды «Жуалы Қанағат» қоғамдық қорының жетекшісі Ұлтуған Бекмұханова, ІІ орынды «Самұрық-Жастар» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Руслан Сайлаубаев, ІІІ орынды «Мехрибан Шаңырақ» қоғамдық қорының жетекшісі Эсмира Мамедова мен «Жуалы Береке» қоғамдық қорының жетекшісі Раушан Әлиева иеленді. Сонымен бірге «Жуалы жан жылуы» қоғамдық қорының жетекшісі Марат Жамалбековке ынталандыру сыйлығы берілді.
Сөз кезегі үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілеріне берілді.
«Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Дүрәліұлы қоғамдық бірлестіктердің қоғамдағы рөлі мен орны туралы әңгімеледі. Өзі осы үкіметтік емес ұйымды басқара жүріп, қоғамға пайдасы тиер талай тірлікті атқарғанын, алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдар бұдан да белсенді жұмыс істеуі қажет екенін жеткізді.
«Жуалы Қанағат» қоғамдық қорының жетекшісі Ұлтуған Бекмұханова өзі атқарған жұмыстары туралы айта келіп, ауданымыздан Азаматтық орталықтың құрылғанына қуанышты екендігін білдірді.
«Мехрибан Шаңырақ» қоғамдық қорының жетекшісі Эсмира Мамедова Азаматтық орталықтың құрылуының арқасында компьютерлік сауаттылықтарын көтеріп жатқандықтарын және қоғамдық қордың алдағы жылға жоспарымен бөлісті.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүддесін қорғайтын «Жуалы жан жылуы» қоғамдық қорының жеткешісі Марат Жамалбеков пен «Жуалы Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Смайыл Көбесов те өздерінің жұмыстарымен, жоспарларымен бөлісті.
Басқосуды аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айсұлу Арынова қорытындылады.

Перизат Шымыртайқызы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close