Басты бетЖаңалықтарКәсіпкерлік және өнеркәсіп

Жас жігіттің кәсіпкерлік бастамасы көпке үлгі

Кәсіп болмай ешқашан нәсіп болмақ емес. Қазіргі таңда қоғамдағы басты мәселелердің бірі – жастарды жұмыспен қамту екені белгілі.

Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, ағымдағы жылдың тоғыз айында аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына барлығы 1082 жас жұмыссыз ретінде тіркелсе, оның ішінен 505 жас тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Оның ішінде қоғамдық жұмысқа 106 жас, 285 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жұмыспен қамтылса, 40 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 17 жас ірі қара мал басын көбейту бағытында несие алса, 89 жас кәсіби оқуға, 117 жас бизнес бастау курсына жолданған. Сондай-ақ, бұрыннан шаруа қожалықтарда келісім-шартсыз жұмыс жасап жүрген 38 жас қожалық төрағаларымен арнайы шартқа отырып, зейнетақы жарнасы аударылатын, айлығы көрсетілетін келісімге келген. Осы ретте облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы мен аудан әкімдігі арасында келісілген жұмыспен қамту шараларының көрсеткіштері толығымен орындалып отыр.

Кәсіпкерлік саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына 441 жас өз кәсібін ашу мақсатында тіркелген. Бұл аудан жастарының 3,2 пайызына тең көрсеткіш. Биылғы жылы елімізде жарияланған Жастар жылына орай аудандық кәсіпкерлер палатасында «Жас кәсіпкер» атты екі кезеңдік кәсіпкерлікке баулу мақсатындағы оқыту курстарынан 100 жас, «Бастау» курсынан 117 жас өтіп, білімдерін шыңдап, сертификаттарға ие болып отыр. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамтудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыру аясында ауданда жастардың қатысуымен бірқатар шаралар жүргізілуде. Нәтижесінде, барлығы 15 жоба қолдау тауып, ауданға 32 млн. 500 мың теңге инвестиция тартылып отырғанын да қуанышпен айтқымыз келеді.
«Кәсіп болмай, нәсіп болмас» деген қағиданы берік ұстанған талапты жастың бірі – Ұлан Әріпхан. Ұлан Қайрат ауылының түлегі. 1993 жылы туған талапты жас ауылдағы №2 Мыңбұлақ орта мектебін бітірген соң Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжіне оқуға түсіп, оны тракторшы мамандығы бойынша тамамдаған екен. Одан кейін аудандағы бірқатар мекемелерде өз мамандығы бойынша жұмыс жасапты. Кәсіпкерліктің өмір өзегі және бизнестің аса маңызға ие екенін бала кезінен жақсы білетін Ұлан көп ойлана келе өз алдына кәсіп ашу туралы шешімге келеді. Оның аудан орталығының базар аймағында орналасқан «Береке» кафесін жалға алып, тұрғындарға қызмет көрсете бастағанына да бір айдың жүзі болды.
-Әрине, кәсіп ашу туралы көп ойландым. Кафені жалға алып жұмыс жасауға бел буып, қазіргі таңда осында дәмді тамақтар дайындап, келген қонақтарға барынша сапалы қызмет көрсетуге тырысып жатырмыз. Базар маңындағы «Береке» кафесі аудан тұрғындарына кеңінен таныс. Бұл кафені жалға алған соң ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жиһаздарын да біршама ауыстырдым. Сөйтіп, қазан айының үшінші онкүндігінде дәмхананың есігін қайтадан айқара аштық. Кафелерге барғанда кәуап жегіміз келсе, көбінесе дәмі ұнай бермейді. Сондай бір сәттерде: «Өзім кафе ашып, неге дәмді кәуаптар мен тамақтар пісірмеске?» деген ой келді. Бір жағынан маған Түркістан облысының Бәйдібек ауданында тұратын Сабыр есімді жездем көптеген ақыл-кеңес берді. Ол кісі де кафе бизнесімен көп жылдан бері тұрақты айналысып келеді. Кафеміз алғаш ашылған уақытта да өзі келіп, клиенттермен қалай жұмыс жасау жөніндегі тәжірибелерімен бөлісті.
Біздің кафенің мәзірінде тамақтан лағман, манты, палау, тұшпара, сорпаның бірнеше түрі, сонымен бірге кәуаптың төрт түрі бар. Тамағымыз жақсы. Оны осында келіп, тамақтанған клиенттердің жылы пікірлерінен байқауға болады. Аспазымыз Рая Жұманазарованы осы кафеде біраз жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан өз ісінің білгірі деуге әбден болады. Ол кісі аудандағы бірқатар дәмханаларда, сонымен бірге Алматы қаласында да өз саласы бойынша жұмыс жасап, әбден тәжірибе жинаған білікті аспаз. Тауық етінен жасалатын жастардың сүйікті тамағы чикенді де сапалы дайындаймыз. Клиенттердің сұранысына сәйкес тез арада дайындап береміз. Чикенді ең алғаш ауданға әкеліп, сатқан мен едім. Қазіргі таңда ауданда чикен орталықтарын ашып жатқан жастар бар. Бұл да жақсы бизнес. Тұрғындарға айтарым, осында келіп, ас ішіп, дәмі тіл үйіретін кәуаптан дәм татыңыздар дегім келеді. Тамақтың бағасы да қолжетімді. Сапалы әрі жылдам қызмет көрсетеміз,- дейді Ұлан Дүйсеханұлы.
«Талаптығы нұр жауар» демекші, бір айта кетерлігі, Ұлан бұл кәсіпті ешқандай несие алмай-ақ бастаған екен. Талапты жас кәсіпкер алдағы уақытта мемлекет тарапынан жеңілдіктер мен төмен пайызбен несиелер берілсе кәсібін кеңейтпек ниетте екенін айтады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, жас азаматтың алғашқы кәсіпкерлік бастамасы көпке үлгі боларлық.

Нұржан МАНАСҰЛЫ.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close