Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Жуалыда «Жас Ұлан» ұйымының форумы өтті

Қазіргі таңда елімізде жас ұрпақтың білім алуы мен олардың бойындағы таланттарын барынша шыңдау мақсатында қыруар жұмыстар жасалып жатқаны белгілі. Осы ретте Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен білім саласын қолдау ісінде, балалардың құқықтарын қорғау бойынша жемісті жұмыстар жасалуда. Өскелең ұрпаққа жасалып жатқан қамқорлықты – елдің бүгінгіден де жарқын болашағына жасалып жатқан қамқорлық деп білген жөн.

Осыдан біраз жылдар бұрын республика бойынша құрылған бірыңғай «Жас Ұлан» балалар және жасөспірімдер ұйымына оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын, талантты оқушылар қабылданады. Ресми деректер бойынша біздің аудан бойынша аталған ұйымға тоғыз мыңға жуық оқушы қабылданған екен.

Жақында аудандық «Достық» мәдениет үйінде республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының форумы өтіп, онда ұйымға оқушыларды қабылдау рәсімі салтанатты жағдайда өткізілді. Шараға аудан мектептерінен озат оқушылар, ұстаздар шақырылды. Жастар жылына орайластырылған іс-шара барысында бірқатар мектептердің озат, өнерлі, спортта да айтарлықтай жетістіктерге жеткен оқушылары ұйымға өтіп, салтанатты түрде ант қабылдады.
Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының форумында алдымен ұйымға қабылданатын оқушылардың аты мен жеткен жетістіктері аталып, сахнаға кезегімен шақырылды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалды. «Жас Ұлан» ұйымының туы салтанатты түрде әкелінген соң, сөз кезегі аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Зейнеп Дәуреноваға берілді. Зейнеп Әбдімәжитқызы өз кезегінде халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде аудан намысын қорғап, мектептердің де атын асқақтатып жүрген озат, өнерлі оқушыларға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. Сонымен бірге осы күнге дейін аудан мектептері оқушыларының арасынан республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының мүшелігіне тоғыз мыңға жуық оқушының өткенін қуанышпен жеткізіп, жастардың болашағы үшін және олардың құқықтарын қорғау мақсатында маңызды қадамдар мен жүйелі жұмыстар жасалып жатқанын айтты. Осылай деген З.Дәуренова, сондай-ақ №1 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Билора Мамедова, «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы төрағасы Нұрдәулет Шырынбек ұйым қатарына өткен оқушыларға галстук тағу рәсімін жүргізді. Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына қабылданған оқушылардың атынан №1 МГ-ның 9 сынып оқушысы Әсет Алманбет сөз сөйлеп, өз қатарластарын жақсы оқуға, тәртіпті де өнерлі болуға шақырды.
Форум соңында аудандық білім бөлімінің әдіскері Зейнеп Дәуренова облыстық, аудандық олимпиадалардың жеңімпаздары, Абай, Махамбет, Мағжан оқуларының жүлдегерлерін, сонымен қатар ғылыми жобалар және спорттан белгілі бір жетістіктерге жеткен бірқатар оқушыларды бөлімнің Алғысхаттарымен марапаттады. Айта кету керек, форум барысында оқушылар ән айтып, ұлттық билерді биледі.

Нұржан МАНАСҰЛЫ.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close