Басты бетЖаңалықтарРуханиятҚоғам

Әділдік – асыл қасиет

2019 жылдың 22 қазанында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен өткен республика имамдарының ІІІ форумында мұсылман адамның күнделікті өмірде басшылыққа алатын бірқатар құнды құжаттар қабылданды. Соның ішінде қазіргі мұсылман адамның асыл болмысы мен бет-бейнесін, оның іс-әрекеті мен мінез-құлқын сипаттайтын «Жеті рухани қазық» атты рухани тұғырнама қабылданды.

Осыған орай біз Зиябек Толымбайтегі атындағы аудандық орталық мешіттің бас имамы, ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаевқа жолығып, тұғырнаманың ерекшеліктері мен қоғамға тигізетін пайдасы, одан туындайтын адам бойындағы кісілік келбет пен көркем мінез-құлық төңірегінде пікірлескен едік.

– Құрметті бас имам, көркем мінез-құлықтар мен әдеп мәселесінде шамшырақ іспеттес «Рухани жеті қазықты» діндар қауым қалай қабылдады?
– Өте орынды. Діни басқарманың кез келген бастамасы жамағат тарапынан үнемі қолдау тауып келеді. Жалпы, мұсылман адамның бойынан табылуы тиіс асыл қасиеттердің қазақ халқы үшін киелі сан болып табылатын жетіге сыйғызылуы өте құптарлық іс.
Құжатқа сай шынайы мұсылманның әрбір іс-әрекеті мен мінез-құлқы имандылық адамгершілік қағидаттарға негізделуі қажет. Алла тағала Құран Кәрімде «Шын мәнінде Алла әділетті, игілікті және туыстарға қарайласуды бұйырып, арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды» («Нахл» сүресі, 90-аят) деп адамзат баласын ізгілікке шақырған. Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) «Мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім» деп, ислам дінінің негізгі мақсаты адамзат баласын көркем мінез-құлыққа тәрбиелеу екенін баяндаған.
Жүсіп Баласағұн бабамыз «Кісіге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзулік» деген. Ислам дінінде мұсылман баласын ізгілікке, адамгершілікке жетелейтін көптеген асыл қасиеттер бар. Атап айтар болсақ, шынайы мұсылман – дін талаптарына бекем, жүрегі таза, рухани тұрғыдан жан-жақты жетілген тұлға болуы тиіс.
Ислам әдебі – көркем мінез-құлық нормалары мен имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік сынды көптеген рухани құндылықтардан тұрады. Бүгінгі қоғамның мұсылмандары ислам әдебін, ондағы адами құндылықтарды ұстана білуі қажет. Осындай тәлімі мол тұғырнамалар арқылы қоғамдағы тұрақтылық сақталып, рухани кемелдену жүзеге асады.
– Қазіргі қоғамымыздағы діни ахуал жағдайында ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, имани құндылықтарды дамытудың маңызы зор. Енді жоғарыда аталған «Жеті рухани қазықтың» әрқайсысына жеке тоқталсаңыз.
– Әңгімемнің басында айтқандай, барлық көркем мінез-құлықтың бастау алар жері – имандылық. Сондықтан құжатта иман, имандылық мәселесі алдыңғы қатарға қойылған. Өйткені, иман адам бойындағы ізгіліктің көрінісі, ол – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін рухани жол. Алла Тағала жіберген әрбір пайғамбардың міндеті имандылыққа шақыру болған.
Мұсылмандық дүниетанымға сай имандылық – иман келтірген адамға бітетін көркем мінез. Қасиетті Құран Кәрімде: «Ер немесе әйел кісіден кім иман келтірген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен де жақсырақ сыйлық береміз» («Нахыл» сүресі, 97-аят) деген. Ал Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ешқайсыларың өзі үшін жақсы көрген нәрсені басқа бауыры үшін де жақсы көрмейінше, шынайы мүмін бола алмайды» деген.
Исламның асыл құндылықтарын темірқазық еткен дана бабаларымыз да адамның имандылығына, кісілік қасиеттеріне ерекше көңіл бөлген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкенді-кішілі сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді қасиеттер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде назардан тыс қалмаған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың жазылмаған заңдылығына айналған. Бойында асыл қасиеттері бар жасты «тәрбиелі» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылықты ойлайтын адамды «иманды» деп атаған. Ал адам бойындағы имандылық мына көріністермен сипатталады: арлы, инабатты, қайырымды, ізетті, ықыласты, кеңпейіл, ізгі.
Мұсылман адамға тән екінші асыл қасиет – отаншылдық. «Отанды сүю – иманнан» деген аталы сөз бар. Отаншылдық Отанға, туған еліне, оның тіліне, туып-өскен жеріне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметтен тұрады. Отаншылдықтың мәйегі – ұлтты сүю. Өз ұлтын, туып-өскен жерін сүйіп, оның көркеюіне қызмет етіп, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл бола алады. Отаншылдық халықтың өз ана тілін, ділін, дінін берік сақтауымен және мақтан тұтуымен тікелей байланысты.
Дінімізде отаншылдық шынайы мұсылманға тән қасиет ретінде қарастырылған. Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің.Егер де тұрғындарың сенен шығармағанда сенен басқа жерде тұрақтамас едім» деп, өзі туып-өскен Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған.
Тұрғылықты жерінде шекарасы айқындалған, мал-мүлік, ар-намыс пен сенім бостандығы қамтамасыз етілген ел – оның Отаны. Мұсылман баласына Отанын сыртқы және ішкі жаулардан қорғау – парыз. Алла жолында, Отан үшін, дін үшін соғыста жүріп дүниеден өткен адамды «шейіт» деп атайды. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі түрлі көз ақыретте тозаққа күймейді. Біріншісі – күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз. Екіншісі – Отанды қорғап шекара күзеткен көз» деген.
Ислам тек құлшылықтар діні ғана емес, ол Отанды қорғап, елді сүюге, тұрақты әрі бейбіт, ізгі қоғам құруға тәрбиелейді. Отаншылдық сана халықты топтастырушы рухани күш болумен қатар, оның күш-жігерін тәуелсіздікті нығайтуға бағыттайды. Отаншыл адам сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі-өнеге болуы тиіс. Әйтеке би «Өмірім – халықтікі, өлімім ғана – өзімдікі» деп халыққа қызмет ету жолында отаншылдықтың айнасы бола білді. Отаншыл адам мына қасиеттермен сипатталады: рухты, намысшыл, жігерлі, қайратты, ұлтты сүю, табанды, қамқор.
Мұсылман адамның бойынан табылуы тиіс үшінші қасиет – білімділік. Білім алу – исламдағы басты парыз. Құран Кәрімнің алғашқы түскен аяты «Оқы!» деген сөзден басталады. Білім алу, сауат ашу – Ислам дінінің ең басты талабы. Құран Кәрімнің көптеген аятында білім жайлы айтылған. Қасиетті Құранда: «Алла Тағала араларыңдағы иман келтіргендер мен білім иелерінің дәрежелерін көтереді» («Мүжәдәлә» сүресі, 11-аят) деп білімді болудың артықшылығын білдірген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім алу – әрбір мұсылманға (ер мен әйелге) парыз» деген.
Мемлекетті құраушы күш оның азаматтары десек, әр адам бәсекеге қабілетті болу үшін үздіксіз дамып, өзін-өзі жетілдіріп отыруы тиіс. Озық ақпараттық технологиялар билік құрған заманда бәсекеге қабілетті жекелеген мемлекеттер ғана алпауыттарға жұтылмайды.
Ислам Құран мен сүннетке негізделген діни ғылымдармен қатар зайырлы білім алуға да үндейді. Мұсылмандар мемлекеттің білім беру саласындағы заң талаптарын орындауды өздерінің басты міндеттерінің бірі деп біледі және балаларының орта білім алып, жан-жақты дамып-жетілуіне, жоғары оқу орындарында таңдаған мамандықтарына сәйкес жалғастыруға кедергі келтірмейді.
Абай атамыз «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деп білім алуға үндеген. Білімділік мына белгілермен айқындалады: ізденімпаз, ыждағатты, зерделі, жасампаз, дарынды, зияткер, кәсіби.
Төртіншісі ауызбіршілік. Тұрақтылықтың негізгі діңгегі – ауызбіршілік. Халқымызда «Береке басы – бірлік», «Бірлікті ел бұзылмас» деген аталы сөздер бар. Болашағымыздың жарқын болуы бүгінгі бірлігімізге тікелей байланысты. Бірлігімізге бекем болсақ, болашағымыз баянды, берекелі болары хақ. Алла тағала мұсылман баласына: «Бөлінбеңдер …» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) – деп бауырмал болуға бұйырған. Мұсылман баласы көркем мінез-құлықпен ел ішіндегі ауызбіршілікті сақтай білуі керек. Себебі, рухани тұрғыда өсіп-жетілген тұлға қандай жағдайда да барлық мәселені байыпты жолмен шешеді. Алла тағала: «Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер…» («Мәида» сүресі, 2-аят) деп бұйырған.
Мұхаммед пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ауызбіршілікте – Алланың мейірімі, бөлінуде – қаһары бар» (Имам Ахмад) деп, ынтымақ пен бірліктің мәнін ашып көрсеткен.
Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деп бұқараны бірлікке шақырған. Ал ауызбіршілік мына қасиеттермен сипатталады: байсалды, сабырлы, бауырмал, ымырашыл, тағатты, кешірімді, мәмілегер.
Кемел мінез-құлықтың бесіншісі – еңбекқорлық. Ислам – дүние мен ақырет тізгінін тең ұстаған дін. Құран Кәрімдегі қасиетті аяттарда иман келтіру мен еңбек ету, ізгі іс істеу әрдайым қатар айтылған. Яғни, иман мен еңбек ету, игі іс істеу – бір-бірінен ажырамас ұғым. Шариғатта ғибадат істермен қатар адал кәсіп, отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілік секілді дүние істері бірге жүреді. Қасиетті аятта: «Намазды оқып болғаннан соң жер бетіне тарап, Алланың нығметінен өздеріңе ырыздық-несібе іздеңдер. Алланы көп еске алыңдар, табысқа жетерсіңдер» («Жұма» сүресі, 10-аят) деп құлшылықпен қатар еңбек етуге, адал табыс табуға шақырған.
Ислам адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, сол иманның аясында игі іс істеуге шақырады. Адал еңбекпен несібесін табу – пайғамбарлардың жолы. Адал еңбегімен мал тауып, өз күнін көру – ата-анаға, туыстарға масыл болғаннан әлдеқайда қайырлы. Имам Бухариден (Алла оған разы болсын) жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің біреулерің қолына жіп алып, даладан құшақ отын арқалап әкеліп, сол арқылы Алланың қалауымен күн кешкені адамдардан қайыр сұрағанынан әлдеқайда жақсы» деген.
Ата-анасын, әйел, бала-шағасын және туыстарын таза нәпақамен қамтамасыз ету – отағасының міндеті. Әрбір мұсылман оған селқос қарамай, мойнына жүктелген борышын жауапкершілікпен орындауы тиіс. Имамдар Бухари мен Муслимнен жеткен тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Барлығың да жауаптысыңдар және барлықтарың қол астындағылар үшін жауап бересіңдер. Басшы – бақташы. Ер адам – отбасының бақташысы. Әйел – ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар» деген.
Ислам дінінде адал жолмен табыс тауып, еңбек етуге айрықша мән берген. Ал харам жолмен дүние жинау, яғни ұрлық-қарлықпен, қиянат-зорлықпен, алдап-арбаумен, алаяқтықпен, өсімқорлық, жемқорлық, пара беру жолымен пайда табу үлкен күнәға жатады. Мұндай жолдармен мал тапқан адам тәубе етіп, кісі ақысын өтемейінше, Жаратқанның рақымынан құр қалмақ. Өйткені, Алла тағала адамдардың ақысын жеуге қатаң тыйым салған.
Хакім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, еңбек етуге, адал табыс табуға өсиет етсе, Шәкәрім атамыз «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа анық бола алады. Олар – барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» дейді.
Ислам діні масылдыққа салынуды құптамайды. Адам ата (Алланың оған сәлемі болсын) Алла тағалаға ғибадат етумен қатар егін егіп, темір ұстасы болып, күнкөріс үшін құрал-сайман жасап еңбектенгені баршамызға аян. Қайыр тілеп өмір сүру – нағыз ұят іс. Алла тағала ақыл, сана, денсаулық, жігер бергесін адам бала-шағасын өз адал табысымен асырауға қамдануы керек.
Еңбекқорлық мынадай жеті сипатта көрініс табады: еңбексүйгіш, жауапты, бастамашыл, іскер, ұқыпты, майталман, талапты.
Алтыншыдан, мәдениеттілік – мұсылман адамға керек ең асыл қасиеттің бірі. Мәдениеттілік – көркем мінезділік пен әдептілікке негізделеді. Қоғамдық ортада мәдениетті болу, өзін ұстай білу, үлкендерді сыйлау, оларға құрмет көрсету, сәлемдесу, сыпайылық таныту – рухани байлықтың көрсеткіші. Қазақтың қанға сіңген дәстүрінде кісіні сыйлау, құрметтеу – әрбірімізге міндет. Бабаларымыз баланы бесігінен-ақ жақсы әдептерге баулыған.
Ислами әдепті бойына сіңіру арқылы әрбір мұсылманның мәдениеттілігі артады. Әдептілік – ғұмырыңды ұзартып, берекеге кенелтеді. Қасиетті Құранда: « … Ол Алла сендерді жерден жаратты әрі сол жер бетінде өмір сүріп, оны көркейтулеріңді қалады …» («Һуд» сүресі, 61-аят). Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Көршімен көркем қарым-қатынас жасау – қоғамды көркейтіп, өмірді ұзартады» (Имам Ахмад) дейді.
Әдепті мұсылман Қиямет күні Алла Елшісімен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге болады. Хадисте: «Расында, сендердің іштеріңде ең жақсы көретiнiм және қияметте маған ең жақын болатындарың – мiнез-құлқы жақсы болғандарың …» (Имам Тирмизи) деген. Абдулла ибн Омар: «Пайғамбар дөрекі сөз айтпайтын және әдепсіз іс істемейтін» деп айтатын.
Абай атамыз «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп мәдениеттіліктің мәнін ашып көрсеткен. Адамдар əлеуметтік ортада өмір сүргендіктен, бірқатар қоғамдық тәртіп ережелеріне бағынуы тиіс. Айналаны таза ұстауы, қоғамдық орындарды ластамауы, сондай-ақ өзгеге зиян келтірмеуі тиіс. Дінімізде «тазалық – иманның жартысы» делінген. Ислам діні тазалыққа, ұқыптылыққа үлкен мән берген. Әрбір мұсылман қоғамдық ортаның əдебінен аттамай, басқа адамдардың ренішін туғызатын іс-əрекеттен аулақ болғаны жөн.
Мәдениетті адам мына сипаттармен ерекшеленеді: әдепті, тәрбиелі, өнегелі, мейірімді, кішіпейіл, парасатты, өнерлі.
Жетіншіден, әділдік. Әділдік – ізгіліктің өзегі. Әділдік жоқ жерде береке болмайды. Алла тағала әрбір жаратылысты өз өлшемімен әділ жаратқан. Қоғамдағы қиянат пен жемқорлықтың жолын бөгейтін күш – әділдік. Әділдіктің салтанат құруымен ғана қоғам өркендейді. Қасиетті Құранда: «Әділ болыңдар. Шын мәнінде Алла тағала әділ болғандарды жақсы көреді» («Хужурат» сүресі, 9-аят) деп бұйырады.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында әділ болғандар қиямет күні нұрдан жаратылған мінберлерде болады …» (Имам Муслим) деп әділдікті ұстанғандарға айрықша мәртебе берілетінін айтқан. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінің соңына дейін әділдікті, адалдықты насихаттап, басқаларға іс жүзінде үлгі бола білді. Одан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алған сахабалардың өмірі де әділдік пен адалдыққа негізделді.
Хакім Абай «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ» деп әділдікті адами құндылықтардың өзегі ретінде көрсеткен. Мұсылманның ішкі жан дүниесі мен сырт келбеті, барлық іс-әрекеті әділдікке негізделуі тиіс. Төле би бабамыз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, туралыққа, әділ болуға шақырған.
Әділдік – адам баласының жеке өмірінен бастап, отбасылық, қоғамдық және мемлекеттік қатынастар секілді барлық салаларда орын алуы тиіс. Ал әділдік мына сипаттарда көрініс табады: адал, шыншыл, турашыл, уәдеге берік, аманатқа берік, ақылды, сенімді.
– Мағыналы, мәнді әңгімеңізге Алла разы болсын. Қоғамның рухани түлеуі жолында атқарып жүрген ісіңізге табыс пен сәттілік тілеймін!

Сұқбаттасқан
Абылайхан СӘРСЕН.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close