Басты бетЖаңалықтарСпорт

Облыстық турнирдің қорытындысы белгілі болды

Жуырда Сарысу ауданы Жаңатас қаласында өткен аудан мақтанышы Евгения Богунованың жүлдесіне арналған облыстық турнирдің қорытындысы белгілі болды, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Жамбыл облысының 80 жылдығына орай, самбо және дзюдо күрестерінің чемпионы Евгения Богунованың жүлдесіне арналған облыстық жарысқа Шымкент қаласы, Түркістан облысы, Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Талас, Сарысу аудандарынан 2005-2006 жылы туған 300-ге жуық жасөспірім қатысып, бақ сынаған болатын. Ал турнирдің салтанатты ашылуында аудан әкімі Қанатбек Мәдібек сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілесе, Евгения Богунова жетістікке жетудің жолдарын, ол үшін, сенімділік, дайындық, еңбек пен тәжірибе қажет екенін айтып, ұстаздары мен аудан басшылығына алғысын жеткізген еді.

Тартысты өткен турнирде жас спортшылар өзара сынға түсіп, кім мықтыны анықтады. Бұл тұрғыдан алғанда қазылар алқасына да оңай түспегенін айта кеткеніміз жөн. Осылайша, жарыс қорытындысы бойынша 38 келі салмақта Д.Марат, 42 келі салмақта Б.Жанабай, 46 келі салмақта Ж.Бекбосын, 50 келі салмақта Ж.Сламбек, 55 келі салмақта Ж.Қоңыров, 60 келі салмақта А.Бектурсын, 66 келі салмақта Ш.Кабылтай, 73 келі салмақта Т.Рысмахан, 73+ келі салмақта А.Ерболұлы 1-орынды иеленді. Жүлделі бірінші орынды иеленген барлық спортшылар тараздық.

Мәлімет үшін айта кетейік, Евгения Богунова самбо күресінен әлем чемпионатының 6 дүркін, дзюдодан Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Атланта олимпиадасының қатысушысы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол мектеп қабырғасында жүргенде КСРО-дағы дзюдо бойынша ұлттық құрама мүшесі болған. Қазақстан Республикасының әйелдер дзюдосының дамуының бастауында тұрған алғашқы әйел спортшылардың бірі. Сондай-ақ, ол 1989-1997 жылдары самбо мен дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының мүшесі әрі аталған спорт түрлерінің сөзсіз көшбасшысы атанды. 2005 жылға дейін спорттың әртүрлі биіктерін бағындырып, өз жетістіктерімен дзюдо және самбо күресінің шыңына шыққан спортшы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close