Басты бетЖаңалықтарСпорт

Сарысуда республикалық ашық турнир өтуде

Сарысу ауданында Тұңғыш Президент күні қарсаңында Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай кезекті спорт сайысы өтуде, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Ауданның «Құрметті азаматы», спорт саласының ардагері Тұрар Мысықбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен республикалық ашық турнирге 2005-2007 жылдары туған жасөспірімдер қатысуда. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған спортшылар турнирдің ашылу салтанатынан кейін белдесуді бастап та кетті. Барлық қатысушылар тың дайындықпен және жеңіске деген зор сеніммен келгені байқалып тұр. Ал жарыс қорытындысы әзірге белгісіз. Себебі, республикалық ашық турнир әлі өз мәресіне жеткен жоқ. Сондықтан сайыс нәтижесін жария болғанда  жазатын боламыз.

Жалпы, Сарысу ауданы спорт саласына ерекше көңіл бөлетін аудандардың бірі. Олай дейтініміз, бұл ауданда спорттық жарыстар күн құрғамай өтіп тұрады. Әрі ол тек аудандық деңгейде ғана емес, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық дәрежедегі сайыстар. Және тағы бір айта кетерлігі сарысулықтар спорттағы жерлес ардагерлерін ұмыт қалдырмай, сол кісілердің атындағы әртүрлі деңгейдегі спорттық додаларды да жиі ұйымдастырады. Ал оның бір дәлелі, жоғарыда айтып өткен Тұрар Мысықбаевты еске алуға арналған турнир. Сондай-ақ, «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» демекші, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына, ол үшін бұқаралық спортты дамытуға, көптеп спорттық шараларға жастарды тартуға басты назар аударып келеді. Бұл бағытта 5 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Оларда спорттың 16 түрінен 2 мыңнан аса бала жаттығады. Мектептердегі спорт залдары да қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұның барлығы, түптеп келгенде дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылардың қатарын көбейтіп қана қоймай, спортқа жастайынан баулу, олардың түрлі деңгейдегі жарыс ареналарында жоғарғы жетістіктерге жетуіне жағдай туғызатын негізгі фактор болмақ.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close