Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Жуалыда тау-шаңғы базасы салынуда

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барды, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Өзінің жұмыс сапары барысында облыс басшысы Жуалы ауданына қарасты «Қаралма» тау-шаңғы базасының құрылысымен танысып қайтты. Бүгінде тау-шаңғы базасының құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталған.

Қонақ үй-коттедждері, туристерге қызмет көрсету сервистік кешенінің құрылысы салынуда. Сондай-ақ, жеті шақырымдық жол салынып, инфрақұрылым тарту жұмыстары аяқталған. Керек құрал-жабдықтардың дені жеткізілген. Құрылыс басында 100-ден астам жұмысшы жұмыс істеуде. Олар ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жаңбырда да, қарда да, күн демей, түн демей, білек сыбана барын салып еңбектенуде.
Айта кету керек, мұндағы демалыс кешенінде қонақтар жыл он екі ай бойы демалуға мүмкіндік алады. Жаз мезгілдерінде саумалмен, қымызбен емдейтін, атпен серуен құратын орындар ашылады деп күтілуде.

Жалпы нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынуда. Жобаның жалпы құны – 4 миллиард теңге. Туристік нысан, яғни «Қаралма» тау-шаңғы базасы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күрежолының бойынан 7 шақырым қашықтықта, Алатау тауының баурайында, теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте бой көтеруде. Сонымен қатар, Алатау тауының ұшар басынан кешенге дейін 2 500 метр сырғанау жолағы түседі деп жоспарлануда. Сол сияқты 2050 және 350 метрлік аспалы жолдардың құрылыстары да жүзеге асырылып жатыр. Аспалы жол құрылысына қажетті қондырғылар Австрия елінен жеткізілген.
Жамбыл облысының әкімі жауапты азаматтарға мұндағы барлық жұмыстарды уақытылы және сапалы атқаруды, 350 метрлік аспалы жолдың монтаждау, орнату шараларын ағымдағы жылдың 16 желтоқсанына дейін аяқтауды ықтияттап тапсырды. Асқар Исабекұлы, сондай-ақ, ұзындығы 2 мың метрден асатын аспалы жолдың құрылысын бір-екі айда толығымен бітіру керектігін ескертті.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close