Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Жуалыда 5 медпункт ашылды

Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай Жуалы ауданында 5 медициналық пункт ашылды, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Т.Дүйсебай ауылындағы 10 келушіге арналған фельдшерлік акушерлік пункттің ашылу салтанатына аудан әкімі Нарбай Ергебеков арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізген болатын. Сондай-ақ, бұдан бөлек Қосбөлтек, Қарасу, Майбұлақ ауылдарынан 5 келушіге және Ақтасты ауылынан 3 келушіге арналған медициналық пункт ашылды. Қысқа мерзімде салынып, пайдалануға берілген денсаулық сақтау нысандары заман талабына сай салынған. Бөлмелері кең, жылы әрі жарық. Ең бастысы, ауырып ем іздеп келген жандардың сауығып кетуіне барлық жағдай қарастырылған.

Жалпы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында медициналық қызмет сапасының халықтың әлеуметтік көңіл күйінің аса маңызды құрамдасы болып саналатынын, осы ретте ең алдымен ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттілігін баса көрсеткен болатын. Расында, басы ауырып, балтыры сыздаған адамның әуелі шипа іздеп, өзі тіркелген аумақтағы бастапқы медициналық мекемеге жүгінері анық. Міне, осындай жағдайды ескере отырып, халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып жатқанына куә болып отырмыз. Бір ауданнан бір мезгілде бес медициналық пункттің ашылуы осының дәлелі болса керек.

Шынтуайтында, ауыл тұрғындары үшін бұл қуанышты жаңалық. Әрі үлкен көмек, мемлекет тарапынан қолдау десек те болады. Себебі, аудан орталығынан шеткері орналасқан ауылдық елдімекендер үшін медициналық мекеменің іргеде болуы аса маңызды екені айтпаса да белгілі. Ендеше, осындай жағымды жаңалықтар әр аудан, әр ауылда бола берсін деп тілейміз.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close