Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Жуалы ауданының әкімі жарап тұр

Жуалы ауданында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Дей тұрғанмен, әр істің артында үлкен еңбек тұрғанын ескере бермейміз. Мәселен, жуырда Жуалы ауданында жаңа базар ашылды. «Кәсіпкерлер сауда орнын ашты» деп қабылдады жергілікті жұрт. Ал оның аудан әкімі Нарбай Ергебековтің бастамасымен қолға алынып, ашылғанға дейінгі барлық шаруалар тікелей сол кісінің басшылығымен іске асқанын және ол саудагерлерге жағдай жасау мақсатын көздегенін бірі білсе, бірі біле бермейді.

Расында, жайма базардың жайын айтып, сауда орындарын заңдастыру мен тазалық, жайлылық сынды өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, оның іске асу тетіктерін қарастырып, нақты іске көшкен аудан басшысы өзінің іскерлігін дәлелдеді деуге болады. Бәлкім, «Базар ашудың не қиындығы бар?» деушілер табылатын шығар, алайда жайма базар мен жабайы саудамен күресіп, нәтиже шығарған әкім некен-саяқ екенін мойындауымыз керек. Көп жағдайда рұқсат етілмеген жерде сауда жасадың деген желеумен айыппұл салып, одан қала берсе саудагердің соңына түсіп, қуа жөнелетін жауапты мамандар мәселені шешудің жолын қарастыруға келгенде енжарлық танытатыны жасырын емес. Ал Нарбай Ергебеков жабайы саудамен күресте саудагерлердің мүддесін жоғары қоя білгенін, олардың аптап ыстық пен қара суықта ашық аспан астында тұрмай, жабық, жайлы, таза жерде жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызғанын айтпасқа болмас. Осы мақсатта, яғни аудандағы базарлар мен сауда орындарын заң талаптарына сәйкестендіру және жұмысын тиімді әрі сапалы жүргізе отырып, дамыту туралы ұсыныстарды тыңдау үшін аудан әкімі жазда жиын өткізген еді. Сол кезде Б.Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралапов сөз сөйлеп, ауылда 464 жеке кәсіпкер тіркелгенін, бір мал базары мен «Сарыағаш» жекеменшік базары орналасқанын айтып, атқарушы органдардың күшімен ауылдағы кездейсоқ ашылған, ешқандай санитариялық нормаларға сай келмейтін заңсыз сауда орындарын жабу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталған болатын. Сол жиында саудагерлер өз мүддесін қорғап сөз сөйлесе, кәсіпкерлер базар ашуға ниетті екенін айтып, қолдау күтетінін жеткізген. Ал аудан әкімі сауда орнын салам дейтін кәсіпкер азаматтарды қолдап, мүмкіндік беретінін, алайда ол заң талаптарына сай, бәсекеге қабілетті болуы керек екенін ескерткен. Ол жиыннан бөлек ауданда бұл мәселеге қатысты көп жұмыс атқарылды. Аудан әкімі кәсіпкерлермен кездесті, жиын өткізді, базарларды аралады, саудагерлермен сөйлесті, зерделеу, тексеру, шешім шығару сынды біраз шаруаның басын қайырды, нәтижесінде ауданда жаңа базар бой көтеріп, саудагерлер жабық, жайлы, таза жерге көшуге мүмкіндік алды. Әрине, көптің көңілінен шығу қай кезде де оңай болмағаны анық. Біреулер базардан орын жалдағаннан гөрі көшеде заңсыз болса да тегін тұрып сауда жасағанды жөн көреді. Алайда заң баршаға ортақ екенін, жасалған әр іс аудан халқының игілігі үшін екенін түсінетін кез әлдеқашан келген. Сондықтан аудан басшылығының ізгі ниетті көздеген әрекетін дұрыс түсініп, оң шешімге келіп, туған жердің көркін кіргізуге саудагерлер де атсалысады деген ойдамыз. Сонда ғана ортақ істен нәтиже шығары анық.

Ал жоғарыда айтып өткен «Жуалы – жер жәннаты» атты сауда орталығын жеке кәсіпкерлер Оңласын Бүтінбаев пен Нарғозы Наурызқұлов ашқанын айтып өткеніміз жөн. Ашылу салтанатына Б.Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайролла қатысып, ізгі тілегін білдірсе, ауыл ақсақалдары лентасын қиып, бата беріп, жиналған көпшілік кәсіпкерлерге сәттілік тіледі.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close