Басты бетЖаңалықтарСпорт

Спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігі – өзекті мәселе

Сарысу ауданында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Мұнда жыл сайын республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстар дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Ресми деректерге жүгінсек, қазір өңір халқының 29,7 пайызы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Аудандағы спорттық нысандардың барлығы балалар мен жасөспірімдерге қызмет көрсетеді.

Жалпы, дене шынықтыру және спорт саласына мемлекет көлемінде барынша ден қойылған. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында бұқаралық спорттың жайы айтылған болатын. Нақтырақ айтқанда, осы Жолдаудың «Халық табысының өсуі» деп аталған екінші тарауында бұқаралық спортты дамыту жайлы арнайы тапсырма берілді. Онда Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың тұрмыс сапасын көтеру мақсатында бірқатар тапсырмалар беріп, ел үкіметіне, барлық жауапты басшыларға халықтың тұрмыстық хал-ахуалын көтеріп, өмір сапасын жақсартуды тапсырады. Бұл мақсатқа жету үшін тынбай еңбек етіп, жұмыс істеу керек екені де айтылады. Осы Жолдаудың екінші тарау, жетінші тармақшасында «Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет» делінген. Сондай-ақ, Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керектігін мәлімдеген болатын. «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек», – деді Президент.

Бүгінде осы тапсырмаларды орындау мақсатында барлық саладағы жауапты қызметкерлер тынбай еңбек етіп келеді. Оның ішінде ауылдық елдімекендерден бастап аудан, облыстарда ірілі-ұсақ көптеген шаралар жүзеге асырылып, спортқа барынша көңіл бөлінуде. Әсіресе, бұқаралық спортты дамыту, халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, осы мақсатта спорттық нысандардың қолжетімділігі сынды мәселелер күн тәртібінен түскен емес. Бұндай шаралар Сарысу ауданында да өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Оған аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің жұмысы дәлел бола алады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close