Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Бала қауіпсіздігі – басты назарда

Жуырда Жуалыдағы «Достық» мәдениет үйінде аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Мақсат Ережепов тұрғындармен және ата-аналармен жиын өткізді. Шараға аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, ауылдық округ әкімдері, қызметі бала тәрбиесіне қатысты мекемелер мен ұйым басшылары, сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп директорлары мен орынбасарлары, қамқоршылық кеңес мүшелері мен мектеп инспекторлары қатысты.

Іс-шараны ашып, жүргізген аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы жиынның мақсатына тоқталып өтті. Келесі кезекте сөз алған аудандық полиция бөлімінің бастығы Мақсат Ережепов полиция қызметкерлерінің аталған бағытта атқарып жатқан жұмыстарын баяндап, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейту үшін бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Олар – мектеп ғимараттарына бөгде адамдардың кірмеуін қамтамасыз ету, елді мекендерде білім ошақтарының жанындағы иесіз бос үйлердің иелерін анықтау, ата-аналар жиналыстарын ұдайы түрде ұйымдастыру, мектепке келер жолдарының сызбасын жасап, кезекшілік ұйымдастыру, сабақ уақытында оқушылардың себепсіз жүруін қатаң бақылауға алу, сабақ болмаған жағдайда ата-аналарға оқушының ерте кеткені туралы міндетті түрде хабарлау.
Сондай-ақ, іс-шара барысында аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов ауданның білім мекемелерінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Жиында ата-аналар тарапынан көптеген сауалдар қойылды. Мәселен, Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Жарқынай Қойтанова өзі тұратын көшенің жанындағы сай жағасында белгісіз адамдар жиналып, арақ ішетінін, оларды қадағалап жүрген полиция қызметкерлерінің жоқ екенін, сондай-ақ, сайдың екі қабағы мен көпір маңын жарықтандыру керектігін айтса, аудандық АХАЖ бөлімінің бас маманы Динара Қалдыбекова полиция органдарының құжатсыз жүрген азаматтарды құжаттандыру мәселесінде кездесетін қиындықтарды шешуге қолғабыс етсе деген ұсынысын жеткізді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close