Басты бетЖаңалықтарСпорт
Спорт – тәрбие

«Спорт тек дене шынықтыру ғана емес, ол сондай-ақ, тәрбие» дейді мамандар. Расында спорт тек денсаулығы мықты азаматтарды қалыптастырумен шектелмейді екен. Ол, сондай-ақ, ерік-жігері мықты, өзіне сенімді азаматтарды тәрбиелейді. Сол себепті де, спорт саласына жауапты мамандардың жұмысы маңызды, еңбегі зор десек болады.
Сарысу ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің атқарып отырған қызметі де аса ауқымды. «Спорт – тәрбие» деген қағида тұрғысынан алсақ, ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығы осы мақсатты көздейтінін айтып өткеніміз жөн. Неліктен ауданда спортпен айналысуды насихаттау, сауықтыру үрдісін жүзеге асыру мәселелері ерекше назарда? Неге мемлекеттік қызметшілер бос уақытын тиімді өткізу үшін спортқа ден қоюда? Не үшін жастардың демалысын дұрыс ұйымдастыруға, ол үшін дене шынықтыруға бет бұрудың артықшылығына аса мән берілуде? Себебі, егер адамдар спортпен айналысып, белгілі бір дәрежеге жететін болса, оның спорттық қарым-қабілеті ғана емес, ішкі мәдениеті, күнделікті әдеті, тіпті мінез-құлқы да өзгереді екен. Спорт адамның өмір сүруіне, алға мақсат қойып, соған жетуге ынталануына, сонымен қатар өсуіне әсер етіп, осы тұрғыда кедергі келтіріп жүрген әдеттерді жеңуге көмектеседі. Осыны жете түсінген жергілікті билік спорт саласына үлкен басымдық беріп отыр. Саят Бегалиев басқарып отырған аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен түрлі спорттық жарыстар, турнирлер мен спартакиадалар өткізілуде. Оның жеңімпаздары аудандық, қалалық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі жарыстарға жолдама алуда. Бұның барлығы не үшін, кім үшін жасалуда? Бір сөзбен айтқанда халқымыз үшін. Бөлімнің алдында халықты жаппай дене шынықтырумен айналысуға тарту міндеті тұр. Ал дені сау ел болу – ортақ мүдде. Сондай-ақ, бәсекеге қабілетті болу да біздің мақсатымыз. Ол үшін денсаулық керек. Сондықтан спортқа ден қойған абзал.