Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Жастар – жасампаздық бастауы

Жуырда Талас ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында «Жастар – жасампаздық бастауы» атты жастар жылын қорытындылау форумы өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Жастар форумын аудан әкімінің орынбасары Садубаев Қадірбек Рысқұлбекұлы ашып беріп, сөз сөйлеп, Жастар жылында атқарылған шаруаларға, жастардың аудан өміріндегі роліне, қоғамдағы болып жатқан шараларға қосқан үлесі хақында айта келе, құттықтауын жеткізіп, өзінің ізгі тілегін айтты. Форум барысында, сонда-ақ, халықаралық, республикалық және облыстық деңгейде әр сала бойынша жетістікке жеткен Талас ауданының белсенді жастары аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, жастар форумында №1-мектеп лицейінің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Закира Игорь Александрович, жас айтыскер ақын Нұржан Жексенбекұлы, Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында өткен параданса би түрінен жүлдегер атанған Айгүл Мұсаева сөз сөйлеп, өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, аудан жұртшылығына алғыстарын айта кетті. Іс-шара Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығы әншілерінің концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Жалпы, биылғы жыл – «Жастар жылы» болып бекітілгені белгілі. Бұл жылдың да аяқталуына санаулы күндер ғана қалды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы «Жастар жылын» қорытындылап, «Еріктілер жылының» басталғанын айтқан болатын. Жастар жылында атқарылған шаруа аз емес. Оның ішінде түрлі жиындар, кездесулер, іс-шаралар, акциялар мен байқаулар да болғаны аудан жұртшылығына аян. Мұның барлығы жай ғана ұйымдастырылып қоймай, аудан жастарына пайдалы, қызықты, әсерлі болды деген ойдамыз. Ендеше, келер жылдан да жастар үшін күтеріміз мол. Ал оны жасау, ұйымдастыру, жүзеге асыру өз қолымызда екенін ұмытпайық.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close