Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Тәуелсіздікке тарту

Талас ауданы Қызыләуіт ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылында еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күніне орай 5 келушіге арналған медициналық пунктің ашылу салтанаты өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Жалпы, елімізде инфрақұрылымдық инновацияны дамытуға арналған ауқымды бағыттардың бірі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік. Қос тараптың ынтымақтастығы нәтижесінде Талас ауданында да игі жұмыстар жалғасын табуда. Мәселен, өткен жылы бұл бағытта Сейілбек, Тұрымқұл ауылдарында заманауи жабдықтармен қамтылған медициналық пунктер пайдалануға берілген болатын. Енді, міне, ел тәуелсіздігі күні игілікті істер ауданға қарасты шалғай ауылдарда да жалғасын табуда.

Бұл жолы Қызыләуіт ауылдық округіне қарасты Ақтөбеде 5 келушіге арналған медициналық пунктің ашылу салтанаты өтті. Ауыл тұрғындарының ортақ қуанышымен аудан әкімінің орынбасары Қадірбек Садубаев арнайы келіп бөлісті. Көпшілікті Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған Қадірбек Рысқұлбекұлы: «Елбасының бастамасы ретінде қолға алынған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында елімізде қаншама нысан ашылып, бірқатар мәселелер шешімін тапты. Міне, бүгін біз де сондай игіліктің куәсі болып отырмыз» – деп, жаңа мекеменің жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, 90 шаршы метрді құрайтын нысанның құрылысын «ЕрКоса иК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (директоры Е.Нұрбаев) жүргізіп, мердігер компания жұмысты белгіленген мерзім ішінде толықтай аяқтап, өткізді. Сондай-ақ, шара барысында тұрғындар атынан сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Баяқов құрылысқа қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылығын білдірді. Ал мерекеге орай берілген медициналық пунктің лентасын Қадірбек Садубаев пен Темірбек Баяқов салтанатты жағдайда қиды. Бұдан кейін шара қонақтары мекеме ішін аралап, ондағы көрсетілетін қызмет түрлері мен құрал-жабдықтармен танысты.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close