Басты бетЖаңалықтарМәдениетРуханиятҚоғам

Тараз қаласында «Руханият және тарихтану» орталығы ашылды

Тараз қаласында «Руханият және тарихтану» орталығы ашылды. Алдағы уақытта онда жергілікті айтыскерлер мен жазба ақындарды, қаламгерлерді  қолдау іс-шараларын тұрақты түрде ұйымдастырып  отыру жолға қойылмақ.

Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай ашылған «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде ел игілігіне берілген нысандардың бірі –  «Руханият және тарихтану» орталығы.

Халық жазушысы Шерхан Мұртаза атындағы аталған орталықта бүгінде өңірге қатысты рухани құндылықтар, тарихи танымдар, салт-дәстүр, жоралғыларымыздың бәрі көрініс табуда.  Аты айтып тұрғандай, орталықта өңірдің руханияты мен тарихын танытуға, насихаттауға қатысты жүйелі  жұмыстар қолға алынып, түрлі тақырыптағы құндылықтар көрсетіледі деп көзделуде.

Орталық екі бөлімнен тұрады. Олар: Тарихтану және Шерхантану.

Тарихтану бөлімі  негізінен Жамбыл облысы өңіріндегі ежелгі дәуірден қазіргі күнге дейінгі өткен тарихымызды зерттеп, зерделеп, архив құжаттары және тарихи жазба дерек көздері арқылы нақты фактілерді жинақтайды. Шерхантану бөлімі – келешекте ұлттық рухты көтерер мәдени мұраны, әдебиетті, тарихты,  этнографияны, аңыз-әңгімелерді, жыр-дастандарды және ақын-жыраулардың еңбектерін жүйелі түрде зерделеп, ақын, жазушы, айтыскер, сазгер, тарихшы және өлкетанушылардың еңбектерінен алтын қор қалыптастыруды қолға алады. Бұл бөлімде салт-дәстүр, халық ауыз әдебиеті және әдеби шығармалар, дәстүрлі музыка, шерхантану шығармашылық зерттеу бөлмелері біріктірілген. Онда Ш.Мұртазаның мұралары туралы ақпараттар топтастырылып, брошюра дайындауда жоспарда бар.

Мекеме қызметкерлері жергілікті ақын, жазушы, композитор, суретшілер туралы анықтамалық  мәліметтер дайындап, жұмыс барысында пайдалануға ұсынып отырады.  Жыл бойы атқаратын іс-шараларға әдістемелік құралдар, баспа өнімдерін дайындап, бейнероликтер әзірлеу де негізгі бағыттардың біріне айналмақ.

Құрылысты бас мердігер «КДСМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.   Құрылыстың жалпы алаңы 2335,14 шаршы метрді құрайды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close