Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Көпбалалы отбасыларға жатақхана берілді

Бүгінгі таңда  мемлекет тарапынан халықты қолжетімді баспанамен қамтуға ерекше мән беріліп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Жолдауда «Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру» дей келе әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына әлеуметтік жалға беру тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру қажеттігін де айтқан еді.  Жыл басында облыс әкімі Асқар Мырзахметов көпбалалы аналармен кездесіп, биыл жамбылдықтарға 8 жатақхана берілетінін мәлім еткен болатын. Облыс басшысының тапсырмасына  сәйкес  жаңа жыл мерекесі қарсаңында  Қаратау қаласында 44 пәтерлі № 3 жатақхана пайдалануға берілді. Оған ие болғандардың дені көпбалалы және аз қамтылған отбасылар.

Игілікті шараға арнайы қатысқан аудан әкімі  Бақыт  Қазанбасов  жаңа қонысқа ие болған азаматтарға  пәтер кілттерін табыс етті.

 Жатақхана ғимаратын қайта жөндеуден өткізуге бюджеттен 180 миллион қаржы қарастырылып,  жөндеу   жұмыстарын «Игілік» көпсалалы  мекемесі жүргізген.

Мұнан соң аудан басшысы көпбалалы отбасыларға арналып сатып алынған пәтерлердің кілтін иелеріне арнайы барып табыстады. Пәтер сатып алу мақсатында бекітілген алгаритімге сәйкес аудандық бюджеттен 74,2 миллион теңге қаралып, 65, 65 миллион теңгеге 17 пәтер сатып алынған. Мереке қарсаңында аудан басшысы осындай бірқатар  пәтер кілттерін   иелеріне  табыстады.

Бұдан бөлек, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы Президент тапсырмасына сәйкес Тараз қаласында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Шаһар бойынша биыл жыл соңына дейін әрқайсысы 80 пәтерлі 4 әлеуметтік тұрғын үй беріледі. Көпбалалы отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша – 323, сонымен қатар қайталама нарықтан – 144 пәтер сатып алынды. Қазіргі таңда «Қарасу» және «Арай» мөлтекаудандарында көпбалалы отбасыларға арналған 6 көпқабатты әлеуметтік жатақхананың құрылысы жүріп жатыр.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close