Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдар – қауіпті

Талас ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі, Қаратау қалалық №12 өрт сөндіру бекеті мен аудандық полиция бөлімі қызметкерлері бірлесіп, Қаратау қаласындағы адамдар жаппай жиналатын орындарда, сонымен қатар, орталық базарда Жаңа жыл қарсаңында төтенше жағдай болдырмау және оның алдын алу мақсатында, оның ішінде сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды сатудың алдын алу бойынша рейдтік үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. 

Жалпы, бұндай жұмыстар Таласта тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі ТЖ алдын алу мақсатында көптеген жұмыстар жүргізуде. Оның ішінде, әсіресе, Жаңа жыл қарсаңында отшашулардың қауіпсіздігін ескерту – алдыңғы орында тұрғаны айтпаса да түсінікті. Себебі, Жаңа жыл түнін әсем көрініс – мерекелік салют пен фейерверксіз, түрлі-түсті керемет отшашусыз елестету қиын. Ал мереке түнінде көңіл-күйді де бұзбай, денсаулыққа да зиян келтірмей отшашуды қалай дұрыс қолданған жөн? Мамандардың айтуынша, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында түрлі пиротехникалық бұйымдарды сату күрт өседі. Өкінішке орай, кейде қолдану барысында адамдар жарақат алып жатады. Негізінен жарақат алуға сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды сатып алу және қолдану немесе қолдану кезінде қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтамау жағдайларында ұшырауы мүмкін. Жарақаттану мен денсаулыққа зиян келтірудің алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар бөлімі пиротехникалық бұйымдарды сатып алу, сақтау және пайдалану кезінде қауіпсіздік техникасының негізгі ережелерін сақтауға кеңес береді. Пиротехникалық бұйымдарды тек ресми сату орындарында сатып алу қажет. Оларды осы мақсаттар үшін реттелмеген орындарда (базарлар, дүңгіршектер, машиналар және басқа да сауда нүктелері) немесе «таныстардан» сатып алуға болмайды, себебі ол жерлерде қауіп төндіруі мүмкін сертификатталмаған немесе заңсыз бұйымдар сатылады.
Сондай-ақ, барлық пиротехникалық бұйымдар міндетті түрде сертификаттауға жатады және оларды қолдану бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде нұсқаулық болуы тиіс. Сондай-ақ оларда пиротехникалық бұйымдарды дайындаушы ұйымның атауы мен орналасқан жері міндетті түрде көрсетілуі керек. Және пиротехникалық бұйымдарды қолданар алдында қолдану жөніндегі нұсқаулықты міндетті түрде оқу қажет. Осындай қарапайым қағидаларды есте сақтап, орындаған жағдайда қауіптің алдын алуға болады дейді мамандар.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close