Басты бетЖаңалықтарЭкономика

Жуалылық шаруалар мал тұқымын асылдандыруға бет бұруда

Мал өсіру – Жуалы ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы басым бағыттың бірі. Нұрлыкент ауылдық округінің Түктібай ауылындағы «Төлеген» шаруа қожалығында бұл сала жақсы дамыған.

«Төлеген» шаруа қожалығы 2011 жылы құрылған. Оның иелігінде бүгінде 310 гектар егістік және 600 гектар жайылымдық жер бар. Шаруашылық соңғы жылдары мал тұқымын асылдандыру жұмыстарына шындап бет бұрып отыр. Өткен жылдары «Сыбаға» бағдарламасымен алынған мүйізді ірі қара малының 220 аналығы бар. Одан бөлек, жеті асыл тұқымды бұқа алып, асылдандыру жұмыстарын жүргізуде. Шаруа қожалығы биыл жазда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалы арқылы ұзақ мерзімге 60 млн. теңге несие алып, өз қаражатынан 4 миллион теңге қосып, Чехиядан 64 «Симменталь» деп аталатын асыл тұқымды ірі қара малын сатып алды. Жылдық 16 пайыз өсіммен қайтарылатын несиенің 10 пайызын мемлекет, ал қалған алты пайызын шаруа өтейді. Қожалықтың әлденіп, қор жинауына екі жыл демалыс кезеңі қарастырылған.

 – «Симменталь» тұқымды сиырлар біздің ауданның ауа райына бейім келеді екен. Бұл жануарлардың тұрқы ірі, етті және сүтті болып келеді. Яғни, өнімді таңдаған бағытыңызға қарай береді, сүт бағытын таңдасаңыз ет, ет бағытын таңдасаңыз, ет береді. «Голштейн» тұқымына қарағанда сүті аздау болғанымен, майлылығы жоғары және еті дәмді болып келеді. Олар аса ерекше күтім талғамайды. Күнделікті азық рационы қолдағы басқа малдікіндей: азыққа шөптен – жоңышқа, эспарцет, сүрлем және пішендеме, жемнен ұнтақталған арпа-бидай беріледі. Бастысы, тұрған қорасы жылы, жарық әрі жайлы болуы шарт. Қазір сиырлар жаңа жағдайға бейімделу үстінде. Бүгінде 64 аналықтың 62- сі алғаш төлдеп үлгерді. Бірінші мәрте бұзаулап отырғандықтан, сиырлар әзірге сүтті тәулігіне 20 литрден беріп жатыр. Екінші және одан әрі төлдегенде, сүті молаяды деп отырмыз. Сапалы сүт алу үшін жақсы күтім қажет. Сондықтан 200 басқа арналған заманауи сүт фермасын салып жатырмыз. – дейді қожалық басшысы Мейірбек Төлегенов.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close