Басты бетЖаңалықтарМәдениетҚоғам

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВКЕ СҰРАҚ

Шудан Қаратауға дейін, Бетбақдаладан Тянь-Шаньға дейін созылып жатқан, Республикамыздағы ең көне жерлердің бірі, қат-қат тарихтың куәгері Жамбыл облысының бүгіні мен болашағы һақында, өңірдің тарихи тұлғалары турасында, қасиетті жерлері жайында облыс әкімі Мырзахметов Асқар Исабекұлының сұқбатынан оқи отырыңыздар. 

Ruh.kz: «Рухани жаңғыру» бағдарламасын мектеп оқушысына қалай түсіндірер едіңіз?

Асқар Мырзахметов: Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі: құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деді. Сондықтан бүгінгі жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беру басты міндет.

Қоғамның санасына сілкініс тудыру – баршаның парызы. Бұл тұрғыда ата-ананың рөлі зор. Қарапайым ғана мысал келтірейін. Әрбір ата-ана балаларымен демалыс күндері тарихи-мәдени орындарға барып тұрса. Ондағы ұлттық ерекшелігіміз бен тарихымыздан сыр шертетін жәдігерлермен танысып, мән-мағынасын түсіндірсе – бұл «рухани жаңғыру». 

Ruh.kz: Құрғақ қасық ауыз жыртар?..

Асқар Мырзахметов: Алысқа ұзамай-ақ, Таразда, қала ішінде тамашалайтын орындар жетерлік. Бұл тұрғыда мемлекет және жергілікті билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен 2019 жылы Б. Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы толықтай жаңғыртылды. Облыс тұрғындарының мақтанышына айналған «Ерлік» мемориалдық кешені бой көтерді. Саябаққа қаланың әр аумағында жатқан «Бауыржан Момышұлы»«Ауған соғысы жауынгерлеріне» арналған ескерткіштер көшірілді. Осы күнге дейін Ұлы Отан соғысына қатысқан жамбылдықтар саны 68 мыңдай болса, архив материалдары қайта зерделеніп, олардың саны 106 мыңға дейін толықтырылды және есімдері мәрмар тасқа жазылды. Бұл нысандар жас ұрпақтың ата-баба ерлігіне тағзым етіп, еске алатын қасиетті орынға айналды. Қаншама жеткіншек өз ата-бабасының аты-жөнін сол жерден тауып, көріп, ерлігін аспандатты.

Ел тарихы үшін маңызды оқиғаның мазмұнын аша түсу мақсатында 1,5 миллион фото-суреттер жиналған «Даңқ» залы ашылды. Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлестеріміз бен тыл еңбеккерлері туралы толық ақпарат беретін цифрландырылған деректер базасы орналастырылды. Жастарымызға Ұлы Отан соғысының қасіретін, ел басына күн туғанда қайсарлық пен ерліктің үлгісін көрсеткен батыр бабаларымыз туралы тек кітаптан емес, «Даңқ» залы арқылы жан-жақты мәлімет алу мүмкіндігі жасалды. Аталған ғимараттың 2-қабатынан даңқты қолбасшы, ұлт рухына айналған жерлесіміз Б.Момышұлының мұраларын зерттеу, жүйелендіру мақсатында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Жас ұрпақтың бойында патриотизмді қалыптастыру, Баукеңнің ерлігі мен шығармаларын халыққа терең жеткізуде осы орталықтың маңызы зор болмақ.

Бұдан өзге, сол саябақ аумағына Чернобыль апатына қатысқандар мен тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткіштер, Б.Момышұлының ұрпақ тәрбиесіне қатысты айтқан нақыл сөздері жазылған тақтайшалар да орнатылды.

Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ та қайта жаңғыртудан өтті. Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың ескерткішінен басталатын саябақта жастар жалынымен үндес «Желтоқсан-86» орталығы, «Тәуелсіздік ұшқыны» ескерткіші, ұзындығы – 220 метр «Желтоқсан толқыны» атты әуезді субұрқақ, жастар үшін басқа да түрлі спорт алаңдары ашылды. Саябақта Елбасы Н.Назарбаевтың, Бөлтірік Шешен, Ж.Жабаев, Б.Момышұлы, Ш.Мұртаза секілді әйгілі тұлғалардың тәрбиелік маңызы зор даналық сөздері жазылған архитектуралық көрнекі тақтайшалар орнатылды. «Желтоқсан-86» орталығына желтоқсан оқиғасына қатысқан жерлестеріміз туралы электрондық база жасақталып, патриоттық рух беретін тың материалдар жинақталды. Міне, осылайша жастарымыз жүз естігенше, бір рет көру арқылы өткен тарихпен танысып, ғибрат алады. Теміржол вокзалы – қаланың төлқұжаты десек, сол теміржол вокзалының алдындағы скверді қайта жаңғырту жұмыстарының жүргізілуі де игілікті іс болды. Бүгінгі күнге дейін бұл аймақта қала қонақтарына ежелгі тараз тарихынан түсінік беріп тұратын көркем де көрнекі белгі болмаған. Онда «Көне Тараз» стелласы қойылып, айналасы абаттандырылды. Сан алуан заманаларды өткерген Тараз шаһарының тарихынан сыр шертетін бұл стеллада Көк Тәңірін ұлықтаған ежелгі дәуірлердегі Түркі бабаларымызды еске салып тұратын «Тәңір» сөзі жазылып, өңірден қандай ғұламалардың шыққанын меңзейтін белгілер бейнеленген. Сондай-ақ Жамбыл бабамыздың қасиетті домбырасы, Ықылас күйшінің киелі қобызы көрініс тапты. Тараз қаласының Талас, Тараз, Әулие-ата, Жамбыл аталған тарихи кезеңдерін айшықтайтын балбал тастар, ұлттық құндылығы жоғары басқа да дүниелер орналасқан. Ы.Сүлейменов көшесінің бойындағы бұрынғы «Атшабар» аумағы толықтай жаңғыртылып «Жастар» аллеясына айналды. Мұнда 600 орындық ашық аспан астындағы амфитеатр мен «Білім» алаңы, «Жастар» қабілет орталығы, жас ұрпақты кітап оқуға, кітапты құрметтеуге, білім-ғылымға үндеу мақсатында «Кітап», «Ұлы дала ұландары» стеллалары және осы жерде өтетін тәрбиелік іс-шараларға арналған арнайы LED-экранмен жабдықталған «Сахна» орнатылды. Бұл – «Жастар жылына» арналған лайықты тарту болды.

Сондай-ақ мақалада «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі» делінген. Осы орайда 5-7 сыныптар үшін туған өлкеміздің тарихын оқытатын «Өлкетану», Жамбыл облысы» оқулығы әзірленіп, 2019 жылдың басынан бастап оқу үрдісіне енгізілді. Облыста 5-7 сыныптарда оқитын 75 144 оқушының барлығы «Өлкетану» оқулығымен толық қамтамасыз етілді. Жалпы орта білім беретін                           392 мектептің 7, 8 сыныптарына «Өлкетану», «Туған өлке тарихы» курстары енгізіліп, 48 716 оқушы білім алуда. Сонымен қатар, екі жыл қатарынан мектеп оқушыларына арналған, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді насихаттайтын «BILIM анимация», оқушыларды кітап оқуға тартудың инновациялық әдістері мен тәсілдерін қолдануға ынталандыру мақсатында «Оқы, тап!», оқушылардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуын, рухани деңгейін көтеру мақсатында «BILIM FM мектеп радиосы» (237 мектепте), туған өлкенің тарихи, мәдени құндылықтарын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы оқу-тәрбие үрдісіне енгізу мақсатында #Bestвидео «Туған Өлке» онлайн байқау жобалары іске асырылып келеді.

Оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында республика бойынша алғаш рет біздің облыста Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескендіровтің демеушілігімен «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауы өткізілді. Мыңға жуық оқушы қатысқан, жастар арасында кітап оқуға деген ғаламат құлшыныс туғызған бұл іс-шара ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан қолдау тауып, биылдан бастап республика көлемінде өткізіле бастады. «Алаңдағы тоғызқұмалақ» ойыны бірегей жобасы да елімізде алғаш рет біздің облыста 2017 жылы басталған болатын. 

Ruh.kz: Тарихи-мәдени мұраларды насихаттау бағытында облыстың қосқан үлесі туралы толығырақ айта кетсеңіз? 

Асқар Мырзахметов: Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында рухани мәдениетіміздің жауһарлары қатарында Жамбылдың жырлары, халқымыздың ұлт­тық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайтын тарихи жәдігерлері, Тараздың ежелгі ескерткіштері­ аталған. Өйткені Жамбыл жері, Тараз топырағы, Әулиеата өңірі – әр тасынан тарих сыр шертетін қасиетті мекен. Көне Тараз шаһарының екі мың жылдан астам даңқты тарихы бар. Талас өзенінің бойындағы Бөріқазған, Тәңірқазған үңгірлерін Қазақстандағы ең алғашқы адамдар мекен еткенін ғалымдар дәлелдеді. Облысымыздың әр қиырында түрлі тарихи кезеңдерге байланысты мол құпиясын ішіне бүккен орындар жетерлік. Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне жалпыұлттық деңгейдегі 8 тарихи-мәдени нысан, ал микросакралды картаны жасау үшін жинақталып жатқан республикадағы 500 ескерткіштің тізіміне өңірімізден 27 тарихи ескерткіштің енгізілуі осының дәлелі.

Бұл тарихи-мәдени мұраларымызды кеңінен насихаттау мақсатында барлық 35 нысанның GPS координаттары жасалып, нысандарға қолжетімділік толықтай қамтамасыз етілді. Сондай-ақ 44 туристік мекеменің маршруттарына енгізіліп, отандастарымыз бен алыс-жақын шетелдерден келген туристерге таныстырылып жатыр. Киелі жерлердің картасына енген 8 жалпыұлттық нысан туралы арнайы деректі фильмдер түсіріліп, көпшілік назарына ұсынылды. Бұл деректі фильмдерді әлеуметтік желілерден де көруге болады. Биыл жыл басында өңіріміздің туристік әлеуетін арттыру, туристер мен қонақтарға облыстағы негізгі 35 тарихи-мәдени нысандар мен қонақ үйлер, тамақтану орындары, шипажайлар мен демалыс орындары туралы қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай тілдерінде ақпарат беру мақсатында «iOS», «Android» бағдарламаларына арналған «Taraz Tour» мобильдік қосымшасы іске қосылды. Шет елден келген туристердің қосымшадағы сөздік пен экскурсиялық маршруттарды құрып беретін интерактивті картаны қолданып, әр нысанда орнатылған арнайы QR-кодтардың көмегімен толық ақпарат алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі 211 жәдігерге цифрлы код енгізілсе, елімізде алғашқы рет «Тараз-Алматы» және «Тараз-Шымкент» тас жолдарының кіреберісінде орналастырылған 88,8 FM радиотолқынында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде туристік ақпараттық аудиороликтер трансляциясы іске қосылды. Осы бағытта баспадан «Әулиеатаның қасиетті орындары» атты кітап-альбом мен карта шығарылып, 53 қасиетті орынның 3D моделі жасалды. Олармен «Qasietti-taraz.kz» сайты мен әлеуметтік желілерде танысуға болады. Сонымен қатар, архивтік деректер негізінде «Әулиеата негіздері» атты тарихи-танымдық кітабы, «Қазақ хандығы ту тіккен өңір» монографиясы мен өңірдегі тарихи-мәдени орындар туралы сыр шертетін «Әулиеата жауһарлары» жинағы жарық көрді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде орнатылған «Жамбыл облысының архитектуралық ескерткіштері» голограммасындағы Айша бибі, Қарахан, Бабаджа-Хатун кесенелері мен Ақыртас сарай-кешеніне қосымша 15 қасиетті орын енгізіліп, келушілердің өңіріміздегі тарихи-мәдени нысандарды жан-жақты тамашалауына толық мүмкіндік жасалып отыр. Ал «Төрткүл» орта ғасырлық керуен-сарайында «Көне Тараз шеберлері» жобасы жүзеге асырылды. Ол бүгінде ашық аспан астындағы туристік этно-мәдени демалыс орнына айналып отыр. Облыс тұрғындары мен туристер мұнда қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалап, сатып алумен қатар, түрлі бұйымдарды өз қолдарымен жасап көре алады. Жобаға елдің қызығушылығы жоғары. Биылдың өзінде «Төрткүлде» шетелдік туристерді қосқанда бес мыңнан астам адам болды.

Биыл жазда туристер мен жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай тудыру мақсатында облыс аумағындағы тарихи-мәдени нысандарды таныстыру үшін тегін екі туристік автобус іске қосылды. Бұл көліктің қызметін бүгінгі күнге он мыңдай мектеп оқушысы, колледж және университет студенттері пайдаланды. 

«Тараз – тарихымыздың темірқазығы». Елбасымыз осылай деп бағалаған, байырғы кезеңнен тамыр тартатын көне шаһар бұған дейін сан түлеу мен түрленуді бастан кешкені мәлім. Бүгінде жаңаша кейіпке еніп, жаңғыра түскен тарихи қала облыс айнасына айналғаны ақиқат. Мемлекет басшысы Ұлытауда өткен халықаралық туристік форумда «Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек» деген еді. Осы тапсырманы жүзеге асыру барысында Жамбыл облысы соңғы екі жылда қайта түледі. Мәдени, рухани, тарихи нысандар бірінен соң бірі бой көтере бастады. Биыл облысқа – 80 жыл. Бұл айтулы датаны жамбылдықтар жаңа форматта атап өтті. Аста-төк той-думанмен емес, өңірдің 80 жылдығына орай 80-нен астам әлеуметтік және мәдени-тарихи нысандардың ел игілігіне берілуі соның көрінісі. Оның ішінде шоқтығы биігі, тағлымы бөлек «Тектұрмас»               этно-тарихи кешені. Ежелгі Тараз қаласының төл тарихын толығымен бейнелейтін «Тектұрмас» этно-тарихи кешені Талас өзенінің жоғарғы жағалауындағы «Тектұрмас» таулы беткейінің 24 гектар аумағын алып жатыр. Тарихи кешен Тараз өңіріндегі ортағасырлық түркі елдерінің қасиетті мекенін көрсететін, түркі тарихынан сыр шертетін тарихнама ретінде әрі демалыс орны негізінде халқымыздың рухани жан-дүниесін байытып, туризмді дамыту мақсатында салынған. Ғажайып кешен Тараз қаласының ХХ ғасырлық тарихын қамтитын бірнеше архитектуралық құрылымдардан тұрады және сан ғасыр болған тарихи оқиғалардың толық хронологиясын көруге мүмкіндік береді. Тарихи кешенді тамашалау Талас өзені арқылы өтетін көпірден басталады. Көпірге кіре беріс жерде екі үлкен стела тұрғызылған: дөңгелек күн тәрізді тастың бірінші бетінде Ұлы Батыс түркі қағандарының таңбасы бейнеленсе, екінші бетінде түркі халықтарының наным-сеніміндегі тәңір құсы – Самұрық құс бейнеленген. Көпір аяқталатын жерінің екі жағында түркі халықтарының негізгі, айбарлы белгісіне айналған биіктігі 4 метрлік, салмағы 3 тонналық ақ түсті мәрмәр тастан құйылған, түр келбеті қазба жұмыстары кезінде табылған артефакт образы бойынша жасалған екі арыстанның мүсіндік бейнесі орнатылған. Ежелгі мифологияда аңдардың патшасы арыстан өз аумағы мен өз үйірін қорғайтын, билік пен байлықтың символы болып есептелген.

Осы жерде «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің паспорты жазылған. Бұл аймақ – киелі аймақ. Сол себепті бұл қасиетті жерде шылым шегуге, ішімдік ішуге, ластауға, қоқыс тастауға, балағат сөздерді айтуға тыйым салынатыны ескертілген. «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің кіре берістен-ақ айбатын арттырып тұрған «Көне Тараз» қақпасы. Шығыс стилінде салынған қақпаның биіктігі – 10 метр, ені – 14 метрді құрайды. Қақпаның екі жағында күзет тұратын биік мұнаралары бар, ортасындағы қаспеттері әр түрлі ою-өрнектермен безендірілген. Айталық, бірінші беті «Тектұрмас этно-тарихи кешені» деген жазумен әшекейленсе, екінші бетінде «Тарих – тектіліктің белгісі» деген жазу жазылған. Қақпаның екі шетіндегі мұнаралардың іргетасы жергілікті табиғи тастан қаланса, ал қабырғалары тау-кен жынысы – травертинмен қапталған. Мұнаралардың алдыңғы жағында бойы – 2 метр, ал салмағы – 300 келі найза мен қылышпен жасақтанған, сауытты екі жауынгердің мүсіндік бейнелері керемет үйлесім тапқан.

Кешенге кіреберістен басталатын баспалдақтар мен кешен ішіндегі жолдардың барлығы жергілікті табиғи қызыл тастан жасалған. Яғни құрылысқа қажетті материалдар киелі жердің өзінен алынып отыр. Баспалдақтың екі жағындағы ежелгі петроглифтермен әшекейленген, арнайы ақ тастардан жасалған ескерткіштерге Тараз өңірінен шыққан Тараз тарихының тұлғалары – он төрт қаған мен ойшыл ғұлама есімі, билік еткен ғасыры қашалып таңбаланған:

1. Алып Ер Тоңға (б.д.д. VIII-VII ғғ.) – аты аңызға айналған Тұран билеушісі.

2. Шу Қаған (б.д.д. IV-III ғғ.) – ежелгі сақ дәуіріндегі билеуші.

3. Шөже (б.д.д. І ғ.) – қаған. Ежелгі Тараздың іргетасын қалаушы.

4. Естемі (VI ғ.) – қаған. Батыс Түркі қағанаты.

5. Тон Йабғұ (VIІ ғ.) – қаған. Батыс Түркі қағанаты.

6. Сұлу (VIІІ ғ.) – қаған. Түргеш қағанаты.

7. Сатұқ Боғра (Х ғ.) – қаған. Қарахан мемлекетінің негізін қалаушы.

8. Шах Мансұр (ХІ ғ.) – қаған. Қарахан мемлекеті.

9. Тектұрмас (ХІ ғ.) – Діндар. Абыз.

10. Жүсіп Баласағұн (ХІ ғ.)– әйгілі шығыс ойшылы, «Құтты білік» кітабының авторы.

11. Махмұд Қашқари (ХІ ғ.) – атақты «Диуани лұғат ат түрк» энциклопедиясын құрастырушы, түркі ғалымы.

12. Дәуітбек-Дадбек (ХІІI ғ.) – ұлы билеуші. Текті қолбасшы, ғалым, қылыш пен қалам иесі.

13. Қайду (хІІІ ғ.) – Хан. Талас Құрылтайын ұйымдастырушы.

14. Захир Әд-Дин Бабыр (ХV-ХVІ ғғ.) – Моғолстан мемлекетінің негізін қалаушы.

«Көне Тараз» қорғанынан Әулие-ата ескерткішіне дейін және әрі қарай жағалай созылып, демалыс аллеясы бой көтереді, оның екі жағында Тараз қаласы мен Жамбыл облысының әртүрлі аудандарында орналасқан 26 қасиетті тарихи орындарының кішірейтілген үлгідегі макеттері жайғасады.

Әулие-ата ескерткішінен «Көне Тараз» қорғанына жалғасып жатқан жол бойында қазақ жері тарихын түбегейлі өзгерткен ең ірі ұлы шайқастар – «Атлах шайқасы» мен «Аңырақай шайқасының» тасқа қашалған тарихи бейнесі монументалдық қабырға бетінде көрініс алады.

«Көркемсурет галереясы» – тараздықтар мен қала қонақтарына қазіргі заманғы бейнелеу өнерін жаңа бағытта таныстыруға мүмкіндік береді. Жаңа ғимарат өңірдегі бейнелеу өнерін дамытуға, насихаттауға және қылқалам иелерінің шығармашылықтарын дамытуға негізделген.

Келесі бір құнды нысан – «Руханият және тарихтану орталығы». Бұл орын тарихымызды тереңнен танып білуге, өнеріміз бен мәдениетімізді, әдебиетіміз бен салт-дәстүрімізді жаңғыртар, рухымыздың өзегі болар бірден-бір мекеме.

«Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі ірі нысандардың бірі – «Көрме павильоны». Ол тек шығармашылық адамдарының ғана емес, ауыл шаруашылығы, құрылыс және тағы басқа да салалардың үздік жұмыстары мен өнімдерінің көрмесі өтіп тұратын үлкен нысанға айналмақ.

Ашылған рухани нысандардың бірі – Асқар Тоқпановтың ескерткіші. Облыстық қазақ драма театрының негізін қалап, ондағы шығармашылық ұжымының кәсіби біліктілігін жетілдіруде өз қолтаңбасын қалдырған режиссердің мүсіні өнер ордасының алдына қойылды. Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облыстық қазақ драма театрына қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, халық әртісі Асқар Тоқпановтың есімін беру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Республикалық ономастикалық комиссиядан қолдау тапқан бұл ұсыныс бойынша қазір Үкімет қаулысының жобасы дайындалуда. 

Жамбыл жері – талай өнер тарландары түлеп ұшқан өңір. Бүгінде қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген де таланттарымыз жетерлік. Міне, сол өнерпаздардың өнегелі   өмір   жолдарын бүгінгі   ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Әуендер әлемі» алаңы ашылды. Мұнда өнер иелерінің құрметіне арналған стелла қойылып, айналасына отыз тұғыр тас орнатылды. Бетіндегі алпыс жұлдыз белгісінде өнер жұлдыздары мен тұлғалардың есімдері бар. Стелланың тұғырына Ж.Жабаев, Балуан Шолақ, Ы.Дүкенұлы, К.Әзірбаевтың өнер туралы қанатты сөздері қашалды. Алаңның аумағы – 700 шаршы метрден асса, стеланың биіктігі – 6,5 метр.

Республикалық және әлемдік ареналарда Жамбыл жерінің мерейін асырған спортшылардың құрметіне «Даңқты спортшылар алаңы» ашылды. Мұндағы мақсат: Қазақ Елінің намысын қорғап, көк байрағын жеңіс тұғырында желбіреткен азаматтардың есімдерін ұлықтау. Аталған алаңның ортасында биіктігі – 6,5 метрді құрайтын факел орнатылды. Оның екі шетінде травертин және гранит материалынан дайындалған, биіктігі – 3 метр, ұзындығы – 9 метр болатын 2 құрмет тақтасы қойылды. Құрмет тақтасында Жамбыл өңірінен шыққан даңқты 145 спортшының және 96 еңбегі сіңген жаттықтырушының есімі жазылды. Міне, өзіңіз байқағандай бір ғана жылдың ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобасы аясында қыруар жұмыс атқарылды. Ендігі міндет – сол тарихи-мәдени нысандардың мәнін көпшілікке жеткізу, жас ұрпаққа ұғындыру. Өміршеңдігін сақтау. 

Ruh.kz: Сіздің өңірдегі заманауи мәдениет туралы не айтасыз?

Асқар Мырзахметов: Ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту – негізгі міндетіміз. Биыл күзде Таразда «Eldik elge bailanysty» атты облыстық қоғамдық форум өткізіліп, Үндеу қабылданды. Форумға қатысушылар ұлттың дамуына кедергі келтіріп, ел ішіне іріткі салатын, ескіліктің сарқыншағы болған дәстүрлерден арылуға шақырды. Жергілікті атқарушы және өкілетті органдардан қазақ қоғамында шілдеханадан бастау алатын аста-төк тойларды, мәні мен мағынасы мүлде ескірген ырым-жырымдарды, ертеден қалған ескілік сарқыншақтарын тұтас реформалайтын, бұлардың концепцияларын қазіргі заман талаптарына сай түбегейлі өзгертетін шешім қабылдау сұралды. Қазір облыста бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынуда.

Елбасы өзінің мақаласында: «Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек», – деді. Осы жоба аясында облысымыздың мәдениет қайраткерлері мен өнер саласы майталмандары бүгінгі күнге дейін ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді әлемнің 14 елінде таныстырып келді. Атап айтқанда: облыстық филармонияның «Ақкербез» ұлттық би ансамблі Үндістанның Нью-Дели қаласындағы «Камани» концерт залында Үнді Кеңесінің ұйымдастыруымен өткен Халықаралық халық биі мен әні фестиваліне қатысып, осы елдің Порт-блэр аралында, Мувахати, Шиллонг, Нью-Дели қалаларында қазақ елінің мәдениеті мен өнерін танытып қайтты.      Облыстық орыс драма театры Сербия Республикасында, қазақ драма театры Румынияда өткен халықаралық фестивальдерге қатысса, Т. Рысқұлов ауданының «Әдемі-ау» бишілер ұжымы, меркілік «Меркі әуендері» ансамблі гастрольдік сапармен Түркия мемлекетіне барып, көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп қайтты.

Бүгінде К. Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның «Айша бибі» этнографиялық ансамблі мен бірқатар өнерпаздары Абу-Даби қаласында өтіп жатқан Халықаралық шейх Заид атындағы мәдени фестивальға қатысып жатыр. Аталған шараға филармония өнерпаздарының қатысуы еліміздің мәдениетін халықаралық дәрежеде, жан-жақты дәріптеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз деп ойлаймын. 

Ruh.kz: Сіздің өңірдің мақтан етер батырлары мен замандастары туралы айтып кетсеңіз…

Асқар Мырзахметов: Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтатады», – деген еді. Осы орайда Жамбыл жерінің, Тараз топырағының, Әулиеата өңірінің даңқты тарихы бар екенін тарихшы-ғалымдар көне құжаттар мен археологиялық жәдігерлер негізінде әлдеқашан дәлелдеген. Біздің қасиетті өлкеден шыққан ұлы тұлғалар аз емес. Шығыстың білімі мен ғылымына Қараханидтер заманында Таразды қуатты мемлекеттің астанасына айналдырған Қарахан-Әулие бабамыз, махаббаттың символына айналған Айша бибі анамыз, қазақтың бас биі – Төле би, қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы, облысымызға есімі берілген – Жамбыл Жабаев, қазақтың халық композиторы, жауырыны жерге тимеген балуан – Балуан Шолақ секілді даңқты, атақты бабаларымыз жалпы Қазақ елінің мақтаныштары!

Осы даңқты бабаларымыздың ерлік, батырлық, елдік рухтары, өнегелері жалғасын табуда. Қазақтың әйгілі халық ақыны, композитор, еліміздің еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаев, Қазақ халқының қаһарман ұлы, батыр Бауыржан Момышұлы, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза, қазақ халқынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, классикалық күрестен спорт шебері Жақсылық Үшкемпіров, тұңғыш паролимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидулина да – өңірдің мақтаныштары. Бейбіт халықты террористің лаңынан қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасов – Қазақ елінің бүгінгі батыры, мақтанышы.

Алаш арысы Халел Досмұхамедұлы: «Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі» деген екен. Осы орайда елінің мүддесі, бірлігі мен болашағы жолында қанын да, жанын да аямаған ұлы тұлғаларымызды ұлықтау бағытында облыста ауқымды шаралар жалғасын табатын болады.

Ескерту: Сұқбат Жамбыл облысы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің көмегімен дайындалды.

Сұлтан Мұстафин

Ruh.kz

Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз бөлімінен алынды

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close