Басты бетЖаңалықтарКоронавирусҚоғам

COVID-19: Жамбыл облысында жаназада 6 адамға жұққан

Бүгінде коронавирус індеті әлемнің көптеген елдерін шарпып, Қазақстанға да жеткені мәлім. Өкінішке орай, індетті жұқтырғандар саны күн санап артуда. Бұл тұрғыдан алғанда Жамбыл облысындағы жағдай да көңіл көншітпей тұрғаны жасырын емес. Аз күннің ішінде облыс бойынша коронавирусты жұқтырғандар саны 40-қа жетті. Оның ішінде шетелден келгендері де, жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болғаны да бар.

Өкініштісі сол, біз әлі күнге дейін қауіпті індеттің салдары қандай болатынын сезіне алмай отырған сияқтымыз. Жамбыл облысында шектеу шаралары енгізілгеніне қарамастан адамдар отбасылық жиындарды өткізуді толықтай доғармағанын, адамдар көп жүретін жерге бармау керектігін ескермейтінін естіп, біліп жүрміз. Банктер, Қазпошта, базарлар мен азық-түлік сататын ірі дүкендердегі халықтың көптігін айтпаған күннің өзінде құда күту, Құдайы тамақ беру сынды жиындарды өткізіп жатқандар әлі де бар, өкінішке орай. Оның ішіне жаназа да кіреді. Елімізге қауіпті індет келгеннен бастап басқарушы органдар мен дін өкілдері жаназаны тек жақын адамдармен ғана атқаруға шақырған болатын. Алайда бұл жағдайға келгенде де «Құдай сақтасын»-ға салып, мәселенің маңыздылығына мән бермегендер баршылық. Соның салдарынан күні кеше Қордай ауданында кезекті науқастар тіркеліп, алты адам жаназа кезінде жұқтырғаны белгілі болды. Жаназаға Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны келіп қатысып, сол жерде 6 адамға жұқтырған. Бұл тек бір мысал ғана. Еліміз бойынша тіркелген 670 науқастың қалай және қандай жағдайда жұқтырып жатқаны айтылып-ақ жатыр. Тек содан ел болып сабақ алып, сақтық шараларын барынша ұстану керек. «Біз біргеміз» акциясының да көздегені осы. Ендеше, халық та бірлігін көрсетіп, жұмыла үлес қосатын күн келді. Үйде болыңыздар! Сақтық шараларын ұстаныңыздар! Біз біргеміз! Біз жеңеміз!

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close