Басты бетЖаңалықтарКоронавирусҚоғам

Жамбыл облысының тұрғыны коронавирустан жазылып шықты

Осы уақытқа дейін Жамбыл облысында коронавирус індетін жұқтырудың 45 дерегі тіркелген болатын. Науқастардың бәрі де бүгінде белгіленген тәртіпке сай ем алуда. Бүгін өңірде Шу ауданының 29 жасар тұрғынының коронавирус індетінен жазылып шыққаны анықталды.

Қырғыз Республикасынан оралғаннан кейін 24 наурыз күні одан алынған қан талдауларының қорытындысы оң нәтиже көрсеткен болатын. Екі апта ішінде ол инфекциялық стационарда жатып, қажетті ем-дом шараларын қабылдады.

Нәтижесінде тұрғыннан екі рет қан талдауы алынып, инфекцияның жоқтығы расталды. Ол енді алдағы екі апта бойы дәрігерлердің бақылауымен үй карантинінде болады.

Сондай-ақ, бұған дейін ауруы анықталған жүк тасымалдау қызметімен айналысатын 1958, 1975, 1984 жылдары туған қырғызстандық үш азамат өз елдеріне жіберілді. Олардан мемлекеттік шекарадан өту кезіндегі тексеріс барысында коронавирус анықталған. Арнайы автокөліктермен олар шекара маңындағы өткізу пунктіне жеткізіліп, оларды ары қарай Қырғыз Республикасының медициналық қызметінің мамандары алып кетті. Бүгінгі таңда Жамбыл облысында жұқпалы аурулар стационарында барлығы 41 науқас жатыр. Облыстық әкімдіктің мәліметінше, олардың жағдайы қанағаттанарлық.

Айта кетейік, облыс бойынша дәрілік заттар, медициналық жабдықтар, дезинфекциялық  және жеке қорғану құралдары,  ПТР мен тест-жүйелерін сатып алуға жалпы 860 миллион теңге бөлінген. Оның 536 миллион теңгесі ел Үкіметінің резервтік қорынан, 43 миллион теңгесі Денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологиялық қорынан, ал 281 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылған. Қазіргі уақытта облыстық медициналық мекемелерде сатып алу және жеткізу шаралары жүргізілуде.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close