Басты бетЖаңалықтарКоронавирусҚоғам

Тараз қаласының әкімі блок-бекеттерді аралады

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев қала аумағында орнатылған блок-бекеттерді аралап, ондағы жұмыстың барысымен, жай-жапсарымен танысты.

Елдегі ахуалға байланысты қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстардың жүйелі атқарылуын назарда ұстау – қала әкімдігіне жүктелген басты міндеттің бірі. Бір қарағанда блокпост қойып, жолды бекіту оңай дүние секілді көрінеді. Дегенмен оның да өз машақаты жетерлік. Мәселен, әр блокпостқа қос палатка орнатып (жарық, су, ауа температурасын қалыпта ұстау), тиісті жағдай жасалды. Ауысыммен жұмыс істейтін арнайы мамандар қала ішіне кіруге рұқсат берілген тауарларды жіті тексеріп, қайдан жөнелтілгені, қай дүкенге жеткізілетіні және жүргізуші туралы мәліметтерді жедел штабқа жөнелтеді. Сондай-ақ блокпосттарға қос бейнебақылау камерасы орнатылған. Енді қаланың барлық қақпасындағы жағдайды қала әкімдігінің штабынан бақылауға болады. Егер тауар тасымалдаушылардан коронавирус індеті бойынша күдікті анықталатын болса, оны дер кезінде оқшаулау үшін басқа палаткалардан оқшау тігілген орынға уақытша орналастырады.

Жұқпалы індеттің алдын алу мақсатында қалалық әкімдіктің жанынан құрылған жедел штаб та қызу жұмыс үстінде. Ол тәулік бойы жұмыс істейді және арнайы желі телефондары орнатылған. Әр блокпостта 2 медбике, 7 әскери, 3 жергілікті полиция, 2 әкімдік қызметкері кезекшілік етсе, қала әкімдігінде мамандар жедел желі арқылы тұрғындардың сұрақтарына жауап береді. Яғни мұнда қала әкімдігінің бөлімдеріндегі жауапты мамандар қазіргі ахуалға байланысты жәрдемақы, қашықтан оқыту секілді тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға үн қатуда.

Енді карантин кезінде қалаға кіріп-шығуға, тұрғындардың жүріп-тұруына шектеу қойылды. Осы орайда қала әкімі блокпосттарды қосымша тағы төрт тепловизор аппаратымен қамтыды.

Тақырып бойынша мақалалар

Тексеру

Close
Close
Close