Басты бетЖаңалықтарРуханиятҚоғамӘлеумет

Карантинде ауызашарды қалай беруге болады?

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев карантин кезінде ауызашарды қалай беруге болатыны туралы айтты.

 «Рамазан айында ауызашар берудің сауабын білмейтін адам кемде-кем шығар. Алайда бүгінгі оқиғаларға байланысты бұл сауапты амалды қалай жасаса болады? Бұл жайлы ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда, т.б. мекемелерде жиналып ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз. Сондықтан карантин күндері: 1. Әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге; 2. Көпшілік орындарда (дәмхана, мейрамхана т.б.) жиналмауға үндейміз. Қазіргі жағдайға қарай ораза ұстаған адамдарға ауызашар беруде мынадай қайырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырамыз: а) Мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ тарату; ә) Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру; б) Ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру, т.б» деп атап өткен болатын. Міне, осы кеңестерге жүгініп, ауызашар сауабынан құр қалмайық деген кісілер үйде отырып, осылай игілік жасаса болады. Үйде ораза ұстаушы адамның ауыз ашардағы суын дайындап берудің өзі сауап екенін ұмытпаңыздар!

          Сондай-ақ, тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайды. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз», деді Бейбіт Мырзагелдиев.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close