Басты бетЖаңалықтарКоронавирусҚоғам

Таразда карантинге жабылған подъезд тұрғындарына қолдау көрсетілуде

Қала аумағында карантинге жабылған «Қарасу» шағын ауданындағы көппәтерлі тұрғын үй полиция қызметкерлерінің бақылауында. Эпидемиологиялық тексеру кезінде 86 жастағы әйел тұрғынның Алматыдан келген жақын туысымен байланыста болғаны анықталған. Енді оқшауланған подъездің 27 тұрғынына 14 күнге дейін пәтерлерінен шығуға тыйым салынды. Осыған байланысты қала әкімдігі пәтер тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ететінін айтқан-ды.

Содан кейін-ақ қала әкімдігі төтенше жағдайға бөлінген қаржы есебінен пәтер тұрғындарын 10 күнге жететін азық-түлікпен қамтамасыз етті. Қысылтаяң шақта карантинге жабылған тұрғындарға тек жергілікті билік қана емес, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар да қолдау көрсетуде. Нақтырақ айтсақ, «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының белсенді мүшесі Ерқанат Манжуов өз қаражаты есебінен «Қарасу» алқабындағы тұрғындар, сақшылар, дәрігерлер, блок-бекеттердегі мамандарды қосқанда жалпы 480 адамға ыстық тамақ ұйымдастырды. Осындай игі істен шет қалмаған Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Е.Саурықов, «АКМ group» компаниясының жетекшісі, қалалық мәслихаттың депутаты Ш.Үсенбаев, «Пырақ-Құрылыс» серіктестігінің төрағасы Т.Жолтаев пен «Үміт» мейрамханасының жетекшісі Л.Гаюповалар бар. Атымтай жомарт жандардың көпке үлгі істеріне еріктілер де қолдан келгенше көмек көрсетуде. Мәселен, волонтерлер арнайы қорғаныш киімдерін киіп, карантинге жабылған пәтер мен блок-бекеттерді күзеткен сала мамандарына қажетті заттарын жеткізіп берумен айналысуда. Бұған карантинге жабылған «Қарасу» алқабына барғанда көз жеткіздік. Подъездің алдында патрульдік көлікпен полиция қызметкерлері күзетте тұрса, инфекционист-дәрігер де сол маңда екен. Көппәтерлі тұрғын үйге келген еріктілер «Үміт» мейрамханасында әзірленген ыстық тамақты пәтер маңындағы орындыққа қойды. Бұдан кейін жүрегі шайлығып қалған пәтер тұрғындары тағамдарды кезекпен қабыл алды. Жұқпалы індет құрығын салмай тұрған шақта бұл пәтерде тұратын ата-аналар ойын қуған балаларын қарайлау үшін терезеге үңілетін. Бірақ дәл қазіргі жағдай басқа, есік алдындағы қозғалыс тоқтаған. Тіпті көрші подъездің тұрғындары дәл осы аумақтан алыс жүруді амалдайды. Оқшауланған подъездегі тұрғындар «әуреге салған жұқпалы індеттен ел тұрғындары тездетіп сауықса» деген тілегін жеткізді.
– Сәуірдің 7-сінен біздің подъезд карантинге жабылды. Сол күннен бастап қала әкімдігі, кәсіпкерлер мен еріктілер қолдау көрсетті. Тұрғындарды азық-түлік, ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, қоқыстарды шығарып, басқа да қажетті заттарды әкеліп жатыр. Карантинде болған үш күннің өзі оңай тиген жоқ. Ересектерді айтпағанда, ойын балаларына қиын болды. Күніміз осы терезе алдында отырумен өткен соң, балалар далаға шыққысы келеді. Сондықтан қазіргі ахуалға байланысты қала тұрғындарын үйде отыруға шақырамыз, – деді пәтер тұрғыны Аягөз Майлиева.

Сәндібек ПІРЕНОВ.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close