Басты бетЖаңалықтарКоронавирусҚоғам

Таразда 14 күнге жабылған подъездің карантиндік кезеңі аяқталды

Тараз қаласында 14 күнге жабылған «Қарасу» шағын ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйдің кіреберісі үшін карантиндік режим аяқталды, деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі Тараз қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.

Бұл үй 14 күн бойы полиция қызметкерлерінің бақылауында болған. Оқшауланған подъездің тұрғындары 14 күн пәтерлерінен шығуға тыйым салынып, осы аралықта қала әкімдігі пәтер тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етті.

Карантинге жабылған тұрғындарға тек жергілікті билік қана емес, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар да қолдау көрсеткенін атап өткен жөн.

Естеріңізде болса, Таразда 7 сәуірде коронавирус инфекциясын жұқтырған 86 жастағы әйел тіркеліп, науқас анықталған «Қарасу алқабы» шағын ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйдің кіреберісі карантинге жабылған болатын. Эпидемиологиялық тексеру барысында азаматша 17 наурызда Алматыдан келген жақын туысымен байланыста болғаны анықталып, ол инфекциялық стационарға жатқызылған еді. Ал онымен байланыста болған 5 адам анықталып, карантинге орналастырылды.

Подъезде және тұрғылықты жері бойынша дезинфекциялық өңдеу шаралары жүргізілді. Осы подъездегі пәтерлерде тұратын тұрғындар 14 күнге оқшауланып, оларға үйінен шығуға тыйым салынып, кіреберісте полиция қызметкерлері кезекшілік еткен еді. Тараз қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сапасы мен қызметтерін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Әбділдәнің айтуынша, бүгінде бұл подъезде оқшауланған 26 тұрғынның 11-і 18-ге толмаған балалар, ал 15-і ересек адамдар. Осы 14 күн ішінде денсаулық жағдайлары жергілікті емханада бақыланып, ешқандай ауытқу белгілері болмаған.

«Бұл тұрғын үйде азық-түлік қажеттілігі бойынша ешқандай мәселе туындаған жоқ. Себебі, әкімдік тарапынан барлық жағдай жасалды. Қант, май, жұмыртқа, көкөніс, картоп, барлығы әр азаматқа нормаға сай жеткізілді. Бір сөзбен айтқанда, қажетті қызметтің барлығы көрсетілді», деді Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Аспандияр Сейсебаев.

Ал осы үйдің тұрғыны Аягөз Майлиева: «Біз СЭС-тің талаптарына сай 14 күн бойы үйден шықпай, медицина қызметкерлерінің күнделікті бақылауында болдық. Соның арқасында басқа ешкімнен вирус шыққан жоқ. Осы 14 күн ішінде қала әкімдігі мен демеушілердің көмегімен бізге күнделікті азық-түлігіміз бен ыстық тамағымыз жеткізіліп отырды. Сол үшін алғысымызды айтамыз», деді.

21 сәуірде түнгі сағат 00.00-де тұрғын үйде карантиндік режим аяқталды. Тұрғындар осы аралықта тексеріс пен медицина мамандарының бақылауында болды. Қатаң бақылау мен кәсіби қызметтің арқасында қалған тұрғындар дерттен аман.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close