Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда азық-түлік шекті баға шеңберінде сатылуда

Тараз қаласында азық-түліктер шекті баға шеңберінде сатылуда. Бұл туралы «Ақпарақ» ақпарат агенттігі қала әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жалпы, елімізде коронавирусқа байланысты төтенше жағдай енгізілгелі бері халықтың әлеуметтік жағдайы биліктің жіті бақылауына алынған еді. Әсіресе, тұрғындардың тұрмыстық жағдайына алаңдап, барынша көмектесуге, қолдау білдіруге бағытталған шаралардың еселене түскені әмбеге аян.

Мәселен, Тараз қаласында да көптеген игі істер атқарылуда. Еріктілер мен қайырымды азаматтар мұқтаж жандар мен аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсетуде.

Осындай қиын кезеңде қарапайым жұртшылық үшін азық-түліктің бағасы шарықтап кетпей, шекті деңгейде тұруы да аса маңызды екені анық. Бұл мақсатта да Тараз қаласының әкімдігі тарапынан көптеген жұмыстар жасалып жатқанын атап өткеніміз жөн. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағаларына мемлекеттік бақылау жүргізу мақсатында құрылған жұмысшы топтың жұмысы қазіргідей уақытта аса қажет екені айдан анық. Себебі, жұмысшы топ мүшелері тек дүкендерді аралаумен ғана шектелмей, бағаны қымбаттатқан дүкен иелеріне шара қолданып, шекті бағамен сатылуын қадағалап отырғанын атап өткеніміз жөн.

Жұмысшы тобы бүгінде тынбай еңбек етуде. Олардың атқарып жатқан жұмысы туралы бұған дейін де жазған болатынбыз. Кеше сағат 17:00-ден бастап аталмыш жұмысшы топ қала аумағында орналасқан тағы 12 дүкенді аралады. Олардың барлығы дерлік орта және шағын супермаркеттер. «Алма» және «Руслан» дүкендерінде әлеуметтік маңызы бар 9 азық-түлік тауарының бағасы шекті баға шеңберінде сатылып жатқаны белгілі болды.

Алайда, «Еверест», «ЛФ», «Дастархан», «Сарысу», «Ақ жол», «Асель», «Орда», «Дүкен» (Крупская көшесі, 16Б) және «Ақбұлақ» м/а 3 үй мен «Қарасу» м/а 16 үйде орналасқан дүкендерде қарақұмық жармасының, күріштің, күнбағыс майының, жұмыртқа, тұз бағаларының көтеріңкі болғаны анықталды.
Аталған дүкен басшылары министрліктердің бірлескен бұйрығымен танысқан соң сол мезетте тауарлардың бағасын тисінше сәйкестендірді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close