Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Таразда білім нысандары жаңартылады

Биыл Тараз қаласындағы бірқатар білім нысандарында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Бұл туралы «Ақпарақ» ақпарат агенттігі қала әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жалпы, кез келген өңірдің сәнін кіргізіп, келбетін арттыратын ерекше салынған нысандар екені сөзсіз. Дей тұрғанмен, жергілікті тұрғындарды, ең алдымен, әлеуметтік маңызы бар мекемелермен қамтамасыз ету және білім, медицина сынды нысандарды ретке келтіру маңызды екені белгілі. Мәселен, білім мекемелерінің жай-күйі кімді болса да алаңдататыны анық. Жер-жерлерде білім ошақтарын көбейту, ғимаратын жөндеу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жататыны сондықтан.

Бұл тұрғыдан алғанда Тараз қаласында да ауыз толтырып айтар жаңалықтар жетерлік. Облыс орталығы саналатын көне шаһардағы білім мекемелерінде құрылыс, жөндеу жұмыстары жылда кезең-кезеңімен жүргізіліп тұрады. Ал биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып қана қоймай, ерекше қарқын алады дейді мамандар.

Бұл туралы жуырда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтып, қашықтан оқытуға көшкен білім нысандарын құр қаңыратпай, құрылыс алаңына айналдыруды тапсырған болатын. Осыған орай, Тараз қаласының әкімдігі Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткенін және көп ұзамай №2, №4, №22, №16 орта мектептерде де бұл жұмыс жалғасатынын хабарлайды. Кейбірінің орнына жаңа ғимарат салу да жоспарда екен. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев барлық жұмыстардың дер кезінде және сапалы орындалуын өз бақылауына алып, бүгінде құрылысы жүріп жатқан білім нысандарын аралауда.

Сондай-ақ, қала әкімі сыртта орналасқан әжетханаларды оңтайландыру жұмыстарымен танысты. Бұл тізімде 7 мектеп бар екен. Оның екеуі жаңадан салынатын мектеп есебінен реттелсе, бесеуіне тиісті қаржы қарастырылып, құрылысы басталып кеткен. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сай, олар кәріз жүйесі жалғанған және мектеп ішінде орналасуы қажет. Қала әкімі қолға алған істі күнделікті қадағалап, құрылыс басына жиі барып тұратынын жеткізді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close