Басты бет

Таразда көше жарнамалары ілінетін жерлер қалпына келтірілуде

Таразда көше жарнамалары ілінетін жерлер қалпына келтірілуде. Бұл туралы «Ақпарақ» ақпарат агенттігі қала әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Дәлірек айтсақ, көктемгі санитарлық тазалық кезінде басталған қала көшелеріндегі ретсіз, сәнсіз ілінген жарнамаларды жөнге келтіру жұмыстары бүгінде қарқын алды. Осылайша, арнайы жұмысшылар әртүрлі жарнамалар ілінген тақтайшалар мен қондырғыларды алып тастап, жапсырылған хабарландырулардан тазартып, темір аялдамалардың бояуларын күйдіріп, қайта сырлау жұмыстарын атқарып жатыр. Ал облыс орталығы саналатын Тараз шаһарындағы бұл игілікті істің бастамашысы қалалық әкімдік екенін айтып өткеніміз жөн.

Жалпы, көшелерде, аялдамаларда орнатылған жарнама тақтайшаларының бүгінгі сыйқы қаланың келбетін бұзып, сәнін кетіріп тұрғаны жасырын емес. Расында да, жапсырылған жарнамалық парақтардан бүгінде көз сүрінетін болған. Ал оны ілетіндер аялдамаларды айтпағанның өзінде көше жиегіндегі электр бағаналары мен өсіп тұрған сәнді ағаштарды да пайдаланып, көрінген жерге жапсыра беретін болған. Осылайша, ақ парақтар мен қызылды-жасылды плакаттар күн өткен сайын көбейіп, бұл мәселе ерекше көңіл бөлуді қажет етіп отыр. Осыны жете түсінген жергілікті билік те арнайы жұмысшыларды бөліп, қаланы ретке келтіруге кірісе бастады.

Орыста «Тазаланған жер емес, ластамаған жер таза» деген сөз бар. Осы сөздің қаншалықты дәл айтылғанына ешкім шүбә келтіре алмас. Яғни, хабарландыру қағазын таратушылар жарнама парағын әр тұсқа бір жапсырып кете бермей, нақты белгіленген орынға және талапқа сай етіп ілетін болса, бұл мәселе бәлкім бізді мазаламас па еді? Ендеше, өзіміз тұратын шаһар гүлденсін, таза болсын десек және қала әкімдігінің тазалық жұмысы бір айдан кейін таз қалпына түспей, оның нәтижесін көргіміз келсе, «көшелерді, аялдамаларды ластамайық» деген қағиданы берік ұстанайық, ағайын. Сонда ғана қаламыздың сәні мен сәулеті арта түтетін болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close