Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда азық-түлік бағасын көтергендерге айыппұл салынды

Таразда азық-түлік бағасын көтергендерге айыппұл салынды. Бұл туралы «Ақпарақ» ақпарат агенттігі қала әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Арнайы құрылған жұмысшы топ 5 мамырда қаладағы дүкендерге рейд жүргізген болатын. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағаларына мемлекеттік бақылау жүргізу барысында 2 дүкенде қарақұмық, күріш, жұмыртқа, тұз бағаларының шекті бағадан асып тұрғаны анықталды.
Аталған дүкен басшылары ӘҚБтК-нің 202-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы соммасы 555 600 теңгені құрайтын айыппұл салынды.

Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылғы 3 сәуірдегі министрліктердің (ҚР-ның сауда және интергация министрлігі, ҚР-ның ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР-ның Ұлттық экономика министрлігі) «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бөлшек сауда бағаларын енгізу туралы» Бірлескен бұйрығымен әлеуметтік маңызы бар 9 азық-түлік тауарларының шекті бағалары белгіленген болатын.
Осыған орай, Тараз қаласы әкімінің 22.04.2020 жылғы «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағаларына мемлекеттік бақылау жүргізу мақсатында жұмыс тобын құру туралы» №47-ө өкімімен шекті бағаларға бақылау жүргізетін жұмыс тобы құрылды. Бүгінде осы жұмысшы топ қаладағы дүкендерді аралап, бағаларды бақылауға алған.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close