Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Биыл Таразда бірқатар мектептердің құрылысы мен жөндеу жұмыстары басталады

Биыл Таразда бірқатар мектептердің құрылысы мен жөндеу жұмыстары басталады. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевпен бірге бірқатар орта білім беру мекемелерін аралап, құрылыс барысымен танысты. Сондай-ақ, облыс басшысы Тараздағы жол жөндеу жұмыстарымен де танысты. Бұл туралы «Ақпарақ» ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Байзақ батыр көшесі бойындағы ұзындығы 1,17 шақырым болатын автожолды орташа жөндеу жұмыстарын «Тараз Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда. Оның құрылысына 20 адам, 12 техника жұмылдырылған. Мердігер компанияның директоры Майра Молдабаева Бердібек Сапарбаевқа жөндеу жұмыстары барлық технологиялық шарттарды сақтай отырып, кесте бойынша жүргізілетінін баяндады.

Өз кезегінде облыс әкімі жұмысты кешенді түрде жүргізу керектігін жеткізді. Автомобиль жолын жөндеумен қатар тротуар төселіп, арықтар реттеліп, қажет болған жағдайда жарықтандыру электр тіректерін жаңарту керек.

Облыс әкімі Айтиев пен Желтоқсан көшелеріне ат басын бұрды. Мамыр айының бірінші күнінен бастап «Арайстроймаркет-2003″ЖШС аталған көшелердегі автожолды орташа жөндеуден өткізуде. Компания директоры Мұратбек Есібаевтың айтуынша, жұмыс белгіленген мерзімде аяқталады деп көзделуде.

Ағымдағы жылы Таразда бірқатар білім беру нысандарының құрылысы мен жөндеу жұмыстары басталмақ. Атап айтсақ, Шалғай Қарасу тұрғын алқабында 600 орындық мектеп салу жоспарлануда. Мұнда мектеп жасындағы 800-ден астам бала тұрады. Тұрғын алқапта өзіндік оқу мекемесі болмағандықтан, олар күн сайын қалада орналасқан мектептерге қатынап оқуға мәжбүр. Жергілікті тұрғындардың өтініштеріне құлақ түрген әкімдік қаржы қарастырып, мердігерді анықтады.

Бердібек Сапарбаев жаңадан құрылыс жүретін орында болып, жобалаушылармен және мердігерлермен жобаны жан-жақты талқылады.
– Ғимараттар салу кезінде қатып қалған қалыптан арылып, ерекше және тартымды формаларды қолдану керек. Ең әуелі, ғимараттың қасбетінің тартымды болуына ерекше көңіл бөлген дұрыс. Нысанның мүмкіндігінше жарық болғаны жақсы. Ол үшін бөлмеаралық қабырғаларды шыныдан жасау керек шығар. Акт залы сиымды және құрылыс нормалары мен ережелері сақталуы керек, – деді ол. 

Ал, қала әкімі Айтқазы Қарабалаевқа нысанға жақын көшелерді асфальттау және көріктендіру-көгеріштендіру тапсырылды.

– Тараз қаласында өткен ғасырда салынған бірнеше мектеп бар. Олардың арасында ең ескісі – №22 орта мектеп. Оның бірінші корпусы 1980 жылы, екінші корпусы 1972 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі кезде аталған орында жаңа мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, қажетті қаржы бөлінген.

Бердібек Сапарбаевтың пікірінше, ХІХ ғасырдың соңында салынған ескі ғимаратты аймақтағы өлкелік музей ретінде сақтап, пайдалануға болады. Енді 10 күннен кейін №2 мектептің апатты жағдайдағы бірінші корпусы бұзу қолға алынады. Оның іргесі 1938 жылы қаланған. Жаңа мектеп 318 оқушыға арналған.

Ағымдағы жылы тағы да №16 және №4 мектептер жаңартылмақ. Ескі мектеп корпустарының орнына жаңа ғимараттар салынады. Олардың мердігерлері анықталып, тиісті қаржы бөлінген.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close