Білім көкжиегіБасты бетЖаңалықтарҚоғам

Жамбыл облысында қашықтан оқыту кезінде 60-тан аса іс-шара өтті

Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы қашықтан оқыту кезінде мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне онлайн режимінде 60-тан аса іс-шара ұйымдастырды. Бұл туралы «Ақпарақ» ақпарат агенттігі облыстық білім басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқушылар мен студенттер әлеуметтік желілерге Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай бейнероликтер жариялап, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына және Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай шығармаларынан үзінді оқу челленджін, «Қашықтықтан оқыту: Педагогтарға рақмет!», «Біз біргеміз» акцияларын өткізді.

Бұдан бөлек оқушылардың білім сапасын арттырып, дарынын дамытуға арналған «Жас математик», «Жас химик», «Қызықты есеп құрастыра білесің бе?», «Әлемтану», «Менің отаным – Қазақстан!», «Абайды оқы, таңырқа!», «Ізгіліктің кәусар бұлағы» онлайн байқаулары, «Мен талантты жанмын! Өмірім менің тамаша!» психологиялық байқау, «Ертегілер әлемі» графика байқауы және «Табиғат әлемі» атты фотобайқау ұйымдастырылып, оған оқушылар белсенді қатысуда.

Ұстаздар да Facebook, Instagram желілеріне қашықтан оқыту жүйесі, сабақ өту барысы туралы ойларын жазып, әлеуметтік желілерді белсенді пайдалануда.

Педагогтардың білімін жетілдіру жұмыстары да назардан тыс қалмады. Бұл бойынша облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскерлері педагогтарға түрлі тақырыптарда 20-дан аса вебинар өткізді.

Карантиндік режим кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және педагогтардың білімін үздіксіз арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close